Атырауда «Отбасы және гендер: құндылықтар мен заманауи үрдістер» атты республикалық форум өтті
2026 жылғы 15 шілдеде С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Отбасы және гендер: құндылықтар мен заманауи үрдістер» атты республикалық форум өтті. Іс-шараны ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Атырау облысының әкімдігі ұйымдастырды.
Форумның ашылуында Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен мен облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамуратов құттықтау сөз сөйледі.
Отбасының әл-ауқатын нығайту және жақсарту мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Қазақстандағы неке және отбасы институтының мәртебесі конституциялық деңгейде алғаш рет бекітіліп отыр. Әлеуметтік саясаттың трансформациясы аясында жауапты және дербес азаматты қалыптастыру үшін негіз қаланатын отбасы институтына назар күшейтілді.
Қазақстанда отбасы саясатын іске асыру үшін заңнамалық және бағдарламалық-стратегиялық мықты негіз қаланған, және бұл тұрғыда елімізде мемлекеттік отбасылық саясаттың үздік әлемдік тәжірибесі енгізілген. Ол жеткілікті деңгейде қарқынды және жаппай цифрландыру жағдайында қоғамның сұраныстарына қарай өзгеріске ұшырауда. Сонымен қатар, мемлекеттік отбасылық және гендерлік саясатты іске асырудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ отбасыларды дамытудағы қазіргі заманғы трендтерге алдын ала ден қою жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Форум барысындағы талқылаулар осы төңіректе өрбіді.
ҚР Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының есептеулері бойынша, 2024 жылы Қазақстан соңғы 5 жылда алғаш рет неке көрсеткіштерін тұрақтандыруға және ажырасудың тұрақты төмендеуіне шықты (2020 ж. - 37,3%, 2021-2022 ж. –34-35%, 2024 ж. - 32,8% дейін төмендеді), бұл мемлекеттік отбасылық саясаттың оң әсерін және отбасы институтының біртіндеп нығайғанын көрсетеді. Сондай-ақ, Дүниежүзілік құндылықтарға шолу деректеріне сәйкес (2025ж.), отбасы құндылығы Қазақстанда ең жоғары көрсеткіштердің бірі – 93% астам.
Ұлттық комиссия хатшысы Гаухар Нұрахметова панельдік сессия өткізіп, қатысушыларға Қазақстандағы мемлекеттік отбасылық және гендерлік саясаттың жетістіктері мен міндеттерін таныстырды. Спикер өз сөзінде Ұлттық комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Zakon.kz порталына берген сұхбатында баяндалған «көмек саясатынан мүмкіндіктер саясатына» тезисін түсіндіруге тоқталды.
С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова модераторлық еткен сессия барысында Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина, «Әкелер одағы» республикалық ҚБ Астана филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай, Жезқазған қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Сабыржан Тембаев, Қызылорда қаласындағы «Анаға тағзым» орталығының директоры Алтынай Молжанова, белгілі отбасылық психолог Ержан Мырзабай отбасылық құндылықтарды нығайту саласындағы озық тәжірибелерін бөлісті.
Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген сауалнаманың деректері бойынша қазақстандықтардың басым бөлігі ата-ананың екеуінің де бала тәрбиесіне тең қатысуын қолдайды (82,7%). Спикерлер аға буын өкілдері жастарға өз тәжірибесін үйретіп қана қоймай, олардың моральдық бағдарын да айқындап отыратынын жеткізді. Сол себепті үлкендерге деген құрмет қазақстандық отбасылардағы басты құндылықтардың бірі ретінде қала береді.
Сондай-ақ неке сапасына қатысты оң үрдістер байқалады. Қазіргі ерлі-зайыптылар отбасын құру мәселесіне жауапкершілікпен қарайды. Қазақстандықтар отбасылық қүндылықтар ішінен бір-біріне қамқор болуды, өзара сыйластық пен қолдауды (62,7%), махаббат және балаларды (сәйкесінше 43,2% және 38,7%) бірінші орынға қоятындарын айтады.
Форумның пікірталас алаңдарына 200-ден астам адам қатысты. Олардың басым бөлігі – азаматтық қоғам өкілдері: ҮЕҰ, қоғамдық бірлестіктер мен қорлардың, кәсіподақтардың өкілдері, сарапшылар мен талдаушылар, қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының мүшелері, отбасы институты мәселелерімен айналысатын азаматтық қоғам белсенділері. Шақырылғандардан бөлек, онлайн форматта 100-ден астам адамның қатысуға ниет білдіргені қуантады. Бұл елімізде отбасының болашағы тақырыбы бүгінде ешкімді бейжай қалдырмайтынын айғақтайды.
Атырау облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссияның жұмыс тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды. Оны өңірлік комиссия төрағасының орынбасары, облыстық Азаматтық күштер Альянсының президенті Фатима Төлеева және Атырау облысы әкелер кеңесінің төрағасы, «Ұрпағыңмен мың жаса» жобасының авторы Шота Қанатов таныстырды.
Форумның екінші күні «Әйелдердің экономикалық және әлеуметтік белсенділігі – отбасылық әл-ауқаттың негізі» тақырыбында семинар өтті.
Ұлттық комиссия әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бағытында шаралар қабылдауда. Бүгінгі таңда Қазақстандағы ШОБ субъектілерінің жартысына жуығын (49,2%) әйелдер басқарады, ал жеке кәсіпкерлер арасында бұл үлес 58,6%-ға жетеді. Атырау облысында шағын және орта бизнес кәсіпорындарының 45%-ға жуығын әйелдер басқарады, бұл олардың отбасылардың тұрақты табысын қамтамасыз етудегі, жұмыс орындарын құрудағы және өмір сүру сапасын арттырудағы шешуші рөлін қуаттайды.
Форум қатысушыларынан түскен ұсыныстарды Ұлттық комиссияның сараптамалық тобы қарап, тиісті мемлекеттік органдарға ұсынымдар ретінде жолданады.