Абай облысына жұмыс сапары: отбасы мен жастар денсаулығына ерекше көңіл бөлінуде
2025 жылғы 4 қыркүйекте ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Айгерім Сәрсенбаева Абай облысына жұмыс сапарымен барып, Отбасын қолдау, Жастар денсаулығы орталықтарының қызметімен танысты.
Бүгінде облыста 4 Отбасын қолдау және 4 Жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді. Бұл мекемелер отбасы құндылықтарын насихаттап қана қоймай, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жастарға психологиялық, медициналық және құқықтық көмек көрсету бағытында қызмет атқарады.
2025 жылдың алғашқы алты айында Семей қаласындағы орталықтарға 10-29 жас аралығындағы 16 мыңнан астам жас жүгінген. «Жас өмір» және «Жас Асыл» орталықтары жастарға тегін әрі анонимді көмек көрсетсе, волонтерлік клубтар салауатты өмір салтын насихаттаумен айналысады.
Маусым айынан бері Отбасын қолдау орталығында қиын жағдайға тап болған 45 отбасы тіркеліп, оларға кешенді көмек – материалдық, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, орталық 49 адамды арнайы мекемелерге бағыттады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 11 ересек пен 35 бала уақытша тұруға орналастырылды, 2 адам «Аналар үйіне», 1 адам ресоциализация орталығына жіберілді.
Орталықта 16 маман еңбек етеді – 2 психолог, 3 әлеуметтік қызметкер және 1 заңгер. Мобильдік топтар бірнеше отбасын анықтап, оларды бақылауға алды. Олардың төртеуі денсаулық сақтау жүйесі арқылы, екеуі құқық қорғау органдары арқылы, біреуі «Аналар үйі» арқылы қолдауға ие болды.
Айгерім Сәрсенбаева орталық қызметкерлерінің кәсібилігін жоғары бағалап, жалақыны арттыру, кадрларды даярлау және материалдық-техникалық базаны нығайту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жастардың денсаулығы мен отбасының тұрақтылығы – ел болашағына жасалған ең басты инвестиция.