Ақтөбе облысында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» науқаны өтті
Ақтөбе облысы әкімдігінің бекіткен жоспарына сәйкес, «25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою мақсатында Халықаралық күрес күні» мен 10 желтоқсан «Адам құқықтары күні» аралығында жыл сайынғы «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» науқаны басталды.
Науқан аясында ағымдағы жылдың 25 қарашасында №53 жалпы білім беретін мектебінде "Геолог" мәдениет үйінің "Шолпы" қыз балалар клубы, Алматы ауданы аналар кеңесінің мүшелері мен Алматы ауданы әкімдігі бірлесіп, «Адам құқығы – ең қымбат қазына» атты ата-аналар мен 8-сынып оқушылары арасында кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – отбасы мүшелерінің құқықтық сауатын арттырып, құқықбұзушылық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ұлттық салт-дәстүрлер арқылы отбасылық құндылықтарды дәріптеу.
Кездесуге арнайы шақырылған қонақтар қатарында «Алтын алқа» иегері, облыстық сот медиаторы, педагог Бибігүл Әбілдаева, "Шолпы" қыз балалар клубының жетекшісі Бибігүл Ақжігітова, Алматы ауданы әкімінің аппаратының бас маманы Гаухар Өтегенова және Алматы ауданы №4 қалалық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Шаттық Сағидан болды.
Кездесу барысында қатысушылар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, отбасы құндылығы, ұл-қыз тәрбиесінде ұлттық әдет-ғұрыптардың маңыздылығы туралы өз ойларымен бөлісті. Олар болашақта тәрбиелі, инабатты, білім мен тәрбиені қатар ұштастыратын ұрпақ қалыптасатынына сенім білдірді.