Ultcom KZ

Ұлттық комиссия мүшелері Парламенттік комиссия отырысында 5 ТДМ жүзеге асыру барысы туралы баяндама жасады

2024 жылғы 14 қазанда Астанада Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыстың негізгі тақырыбы — гендерлік теңдікке арналған Тұрақты даму мақсаттарының 5-міндетін (ТДМ 5) іске асыру аясында әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мәселесі болды.

Өз сөзінде Сенат Төрағасы Қазақстанда гендерлік теңдікке қол жеткізудің маңыздылығын атап өтіп, ел халқының жартысынан астамын, яғни 10 миллионнан астам адамды әйелдер құрайтынын еске салды. «Олардың толыққанды дамуына жағдай жасау – мемлекеттің маңызды міндеті. Бұл бағытқа Қазақстан Президенті ерекше назар аударып отыр», — деді Сенат Төрағасы.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Төрағасының орынбасары Ляззат Рамазанова мен Ұлттық комиссия мүшесі Азиза Шужеева әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған Ұлттық комиссияның қабылдап жатқан шаралары туралы баяндама жасады. Баяндамаларда жалақыдағы гендерлік алшақтық, сондай-ақ әйелдердің саяси және экономикалық өмірге жеткіліксіз қатысуы секілді маңызды мәселелерге ерекше назар аударылды.

Төрағаның орынбасары әйелдердің жұмыспен қамтылуын ынталандыруға бағытталған бағдарламаларды жетілдіру қажеттілігін атап өтіп, ауылдық аймақтарға ерекше көңіл бөлді. Әйелдердің экономикаға қатысуын арттыру үшін ағымдағы бастамаларды мұқият талдап, қажет болған жағдайда қайта қарау маңызды екені атап өтілді. Сонымен қатар, гендерлік басқаруды енгізу әйелдердің экономикалық белсенділігін арттырып, олардың іскерлік ортада өз орнын нығайтуға ықпал ететіні маңызды екені баса айтылды.

Азиза Шужеева өз сөзінде Қазақстанда гендерлік саясат көбіне халықтың осал топтарын қолдауға және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресуге бағытталған әлеуметтік блок мәселелеріне негізделіп отырғанын атап өтті. Бұл тәсілді қайта қарап, әйелдердің экономикалық қатысуына назар аудару ұсынылды. Спикер әйелдерді цифрлық экономикаға тартуға және олардың табысты бизнес жүргізуіне жағдай жасауға ықпал ететін «Әйелдер кәсіпкерлігі 2.0» бағдарламасын әзірлеуге шақырды.

Отырыс әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру және Қазақстандағы гендерлік саясатты жақсартуға қатысты негізгі мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылаумен аяқталды.