Ultcom KZ

1 қазан – Халықаралық қарттар күні

Бүгін – ерекше күн. 1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл күн 1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітіліп, содан бері әлемде аға буынға құрмет пен алғыс білдірудің игі дәстүріне айналды.

Қазақстанда үлкенді қадірлеу – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ең ізгі дәстүрлердің бірі. Өйткені қарияға құрмет – өз отбасыңа, өз тегіңе деген құрмет.

Бұл – күнтізбедегі жай ғана дата емес, әр отбасы үшін айрықша мәнге ие мереке. Себебі қарттар – әулеттің тірегі, шаңырақтың шырағы.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде елімізде жасы алпыстан асқан 2,8 миллионнан астам қария бар. Оның ішінде ғасырдан асып, ұрпағына өнеге болып отырған ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелеріміз аз емес. Мәселен, Ұлытау өңірінде 115 жасқа толған қария тұрады.Мұндай жандардың ғұмыры – төзім мен сабырдың, ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің айғағы.

Қарт адамның әрбір сөзі – өсиет, әрбір батасы – қуат көзі. Олар ұрпаққа дәстүрді, руханиятты, татулық пен сыйластықты аманат етеді. Сондықтан үлкендердің орны қоғамда әрқашан айрықша.

Осы мерейлі күні Қазақстанның барлық қарт азаматтарын шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге зор денсаулық, амандық, ұзақ ғұмыр және отбасылық бақыт тілейміз.

Қариясын қадірлеген ел – нағыз қазыналы ел.

ҚР Президентінің жанындағы
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі
Ұлттық комиссия