Ultcom KZ

Медициналық пойыз Маңғыстау облысының 8 мыңға жуық тұрғынына тегін көмек көрсетті

Еліміздің шалғай өңірлеріне медициналық және құқықтық қызмет етуге жолға шыққан «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының дәрігерлері Маңғыстау облысында 6830 адамның денсаулығын тексерсе, оның 3662-сі бала болып отыр. Медиатор мен заңгер мамандар 1026 арыз-шағым қабылдады.

Бүгінде медпойыз Атырау облысында жұмысын бастады. Тиісті аймақта 17 маусымға дейін 11 бекет қамтылады. Жоба дәрігерлері орташа алғанда әр станцияға 1-2 күн тоқтап, ауыл тұрғындарына күнделікті 09:00-18:00 аралығында 13:00-14:00 түскі үзіліспен алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді. Осылайша, тек бір тәуліктің ішінде медицина қызметкерлері Құлсары қаласының 500-ден астам тұрғынын қарап үлгерді. Көшпелі бригадалар қаланың барлық эвакопункттерінде, сондай-ақ халықпен белсенді жұмыс жүргізілетін Мәдениет үйінің жанында қызмет көрсетуде.

Маңғыстаулық Тұрыш, Сам, Сайөтес, Өзен, Болашақ, Жетібай, Қарақия, Шетпе, Үстірт және Опорная станцияларында азаматтар тісін жұлдырып, жалпы тәжірибе дәрігеріне, хирург пен травматолог, уролог, неврапотолог, көз, құлақ, мұрын, тамақ, жүрек дәрігерлеріне, акушер-гинеколог пен психолог, педиатрға қаралды. Науқастар доңғалақ үстіндегі емханада ЭКГ, УДЗ, рентген қондырғыларына түсіп, зертхана жұмыс істеді.

«Пойыз қызметкерлеріне, оның ішінде ЛОР-дәрігерге рахмет. Кішкентай балам құлағын жарақаттап, қан тоқтамай тұр еді, тоқтатып, танып берді. Өзім де іш құрылысымды қаратып, ем алып, жақсы боп қалдым. Шалғай елдімекендер халқының алғысына бөлене беріңіздер», - дейді Шетпе аулының тұрғыны Зарина Елмұратова.

«3-4 жыл болды күйзеліске түсіп, емделудің жолын іздеп жүрмін. Пойыздағы психолог маман көп нәрсеге көзімді ашып, ауруды жеңу жолдарын үйретті. Өмір сүруге құлшынысым артты. Алғысым шексіз», - деп пікірін білдірді Жетібай станциясының тұрғыны.

Медиатор қызметінің барысында жалпы сомасы 13 миллион теңгеге даудың шешімі табылып, банк, сот, мемлекеттік мекемелер сынды бірқатар құзырлы тараптарға шағымданушылардың өтініші жолданды.

Әлеуметтік жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асуда.

«Көбінесе шалғай ауылдарда ауруханалар болмайды және тұрғындардың барлығы әр уақытта аудан орталығына бара алмайды. Оның үстіне биыл, баршаңызға белгілі, бірқатар өңірді су алып, қиындық туындады. Ал медициналық пойыз жағдайында балаларды қаратып, ересектердің өздерінің де барлық маманнан бірден кеңес алудың жақсы мүмкіндігі туындайды. Пойызға ең заманауи медициналық жабдықтар қойылып, тіпті адамдарға шағын оталар жасау қарастырылған», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Альфия Адиева.

Еске сала кетсек, «Саламатты Қазақстан» медпойызы еліміздің барлық өңіріндегі 140 алыс бекет пен олардың маңайындағы ауыл-аймаққа тегін медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуге елордадан 2024 жылғы 1 мамыр күні сапарға аттанды. Өз қызметін батыс аймақтардан бастаған пойыз қызметіне 40 маман жұмылдырылды. Атап айтқанда, денсаулық керуенінде терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика, жалпы тәжірибе дәрігері, рентгенолог, жүрек, тіс, көз, құлақ, тамақ және мұрын дәрігері, онколог-маммолог, гинеколог және уролог сынды білікті дәрігерлер және көмекші мамандар бар. Қажет жағдайда дәрігерлер шағын операциялар жүргізіп, жоспарлы емдеуге жолдама береді. Ал медиатор мен заңгер халыққа дауды сотқа дейін шешу секілді өзекті мәселелері жөнінде кеңес беріп, азаматтардың зейнетақы-жәрдемақы, әлеуметтік төлем және атаулы әлеуметтік көмек алу туралы сұрақтарына жауап қайтарылады.

Пойыздың қозғалыс кестесі мен толық ақпаратты sk-trust.kz, medpoezd.kz сайттарынан және жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.