2024 жылдың 10 маусымында Алматы қаласында «All ability Camp» спорттық-мотивациялық лагерінің салтанатты ашылуы өтті
2024 жылдың 10 маусымында Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесе отырып, «Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдастырған «All ability Camp» спорттық-мотивациялық лагерінің салтанатты ашылуы өтті. Лагерьге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 200 ерекше бала мен жасөспірімдер және олардың ата-аналары қатысты.
Жобаның мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді спортқа белсенді тарту, олардың әлеуметтенуіне ықпал ету, сондай-ақ ата-аналарға психологиялық қолдау көрсету. Лагерь барысында ерекше қажеттіліктері бар балалар бочча, бейімделген теннис, бейімделген футбол, корнхол және садақ ату сияқты бейімделген спорт түрлерін меңгерді. Сонымен қатар, олар түрлі тренингтер мен ойындарға қатысты. Балалар мен ата-аналарды ынталандыру және қолдау үшін мамандардың авторлық сессиялары ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҰОК вице-президенті Серік Сәпиев, сондай-ақ танымал спортшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.