Ultcom KZ

Ұлттық комиссия мүшесі Назипа Шанаи Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-сессиясында сөз сөйледі

2025 жылғы 24 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-сессиясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи баяндама жасады.

Өз сөзінде спикер Аналар кеңесінің құрылымдық рөлін атап өтіп, еліміздегі тәрбиелік және адамгершілік бағыттағы жұмыстардағы маңыздылығына тоқталды. Бүгінде Кеңес құрамында 1700-ден астам бөлімше мен 16 мыңнан аса белсенді қатысушы бар.

Назипа Шанаи Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Қазақстан балалары» бағдарламасын жүзеге асыруға Аналар кеңесі белсене атсалысуға дайын екенін жеткізді: «Бағдарлама қоғамда баланың дауысын естіп, оған құлақ асатын мәдениетті қалыптастыруға жол ашады», — деді спикер.

Сондай-ақ ол былтыр Аналар кеңесінің Фармакология комитетімен бірлесіп «Вейптерге тыйым салу» жобасын іске асырғанын еске салды. Ақпараттық жұмыстардың белсенді жүргізілуі мен Мемлекет басшысының қолдауы нәтижесінде вейп өнімдерін сатуға және таратуға тыйым салатын заң қабылданды.

2023 жылдан бастап Аналар кеңесі жанындағы кәсіби психологтар әскери курсанттар мен қызметкерлер арасында лудоманияның (ойынқұмарлықтың), суицидтің алдын алу және психологиялық күйзелістен шығу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Назипа Шанаи Президент тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік кеселдерге қарсы «Салауатты сана» жобасы аясында да жоспарлы іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Сессия барысында Ұлттық комиссия мүшесі тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, сондай-ақ әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстардың алдын алу мәселелеріне де тоқталды. Ол қоғамда зорлық-зомбылықты түбегейлі жою үшін саналы әке, мәдениетті ана және ұлттық сана-сезімі жоғары ұрпақ тәрбиелеу қажет екенін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ спикер Аналар кеңесінің басты бағыттарының бірі – ұлттық және отбасы құндылықтарын сақтау, рухани-адамгершілік тәрбиені дамыту екенін баса айтты.

Сонымен бірге қазіргі таңда іске асырылып жатқан «Азаматты тәрбиелеген отбасы», «Алтын шаңырақ», «Күміс тор», «Ұлт анасы», «Мейірімді қолдар» секілді бірқатар жобаларды да атап өтті. Ол бұл жобаларды еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен енгізуді ұсынды.