Ұлттық комиссия мүшелері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін 80 жылдық мерейтойымен құттықтады
Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (QyzPU) 80 жылдық мерейтойына арналған «Білімді қыздар – білімді ұлт» тақырыбында халықаралық форум өтті. Форум мемлекеттік сектор, академиялық қауымдастық өкілдері, студенттер мен университет түлектерін біріктірді.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тарихы 1944 жылдан бастау алады. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі қазақ қыздарынан жоғары білікті мамандар даярлау туралы №457 қаулы қабылдады. Бұл бастаманы Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин сынды көрнекті тұлғалар қолдаған болатын. Алғашқы жылдары университетте үш факультет жұмыс істеді: физика-математика, тарих және филология. Өз тарихында университет 80 мыңнан астам маман даярлап, олардың қатарында белгілі ұстаздар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері бар. Бүгінде QyzPU халықаралық ынтымақтастық пен заманауи оқыту әдістерін белсенді түрде дамытып отырған ірі білім және ғылым орталығы болып табылады.
Форумға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, соның ішінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Гүлмира Қанай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Карабасова және республикалық қоғамдық бірлестік «Senimen Bolashaq» төрағасының кеңесшісі Гүлнар Умарова қатысты.
Университет ректоры Гүлмира Қанай форумда сөз сөйлеп, университеттің дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға алғысын білдірді. Ол университеттің дамуына ерекше үлес қосқан Университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаевқа «Университет дамуына қосқан үлесі үшін» марапатын табыс етті. Ректор мерейтой шеңберінде бірқатар маңызды шаралар, оның ішінде жаңа оқу орталықтары мен зертханалардың ашылуы, конференциялар мен дәрістер ұйымдастырылуы, сондай-ақ креативті бастамалардың іске қосылуы өткенін атап өтті.
Мерейтой аясындағы маңызды шаралардың бірі — жаңа оқу ғимаратының салтанатты ашылуы болды. Қызыл лентаны ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев және Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Орынша Қарабалина салтанатты түрде қиды.
Сонымен қатар, университетте пәнаралық ғылыми зертхана ашылды. Зертхана заманауи құрылғылармен жабдықталған және химия, биология, физика салаларында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге бағытталған. Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев зертхананың Қазақстан ғылымы мен білімін дамытудағы маңыздылығын атап өтті.
Мерейтой аясында «Mazmundama» баспасымен бірлесіп «QyzPU Unispace» коворкинг орталығы ашылды. Бұл орталық студенттердің жаңа идеялары мен креативті бастамаларын іске асыруға арналған. Ашылу салтанатында ұлттық комиссия мүшесі Қарақат Әбден, мемлекеттік және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Оразкүл Асанғазы және белгілі қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, «Парасат» және «Достық» ордендерінің иегері Асылы Осман сөз сөйлеп, орталықтың маңыздылығын атап өтті.
Мерейтой халықаралық ынтымақтастық нәтижелерін талқылау үшін де тиімді алаң болды. Университет Michigan State University, Sussex University және Education University of Hong Kong-пен стратегиялық серіктестік туралы келісімдерге қол қойды. Сонымен қатар, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірлесіп мұғалімдердің біліктілігін арттыру академиясын құру туралы келісім жасалды.
Мерейтойдың соңғы шарасы — Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында өткен салтанатты кеш болды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университет ұжымын құттықтап, олардың білім және ғылымға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Кеш барысында университет түлегі Орынша Қарабалина бірінші курс студентіне студенттік билет табыстады.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдығы еліміздің білім, ғылым және мәдениет саласына қосқан үлесінің маңыздылығын тағы бір рет айшықтады.