Ultcom KZ

Қазақстан СПЕКА алаңында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту тәжірибесін таныстырды

Қыркүйектің 16-сы күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова СПЕКА-ның Гендерлік мәселелер және Орнықты даму мақсаттары жөніндегі тақырыптық жұмыс тобының жыл сайынғы онлайн отырысына қатысты.

СПЕКА – БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасы, ол өңір елдерін экономикалық ынтымақтастықты дамыту және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында біріктіреді.

Биылғы жылы талқыланған негізгі тақырып – цифрлық және жасыл трансформация жағдайында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту болды. Технологиялардың қарқынды дамуы, жаңа кәсіптердің пайда болуы және экономиканың құрылымдық өзгеруі аясында бұл мәселе өңір елдері үшін ерекше маңызға ие.

Бүгінде Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халықтың шамамен жартысын әйелдер құрайды. Сонымен қатар, әйелдер шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48%-ын басқарады. 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына байланысты әйелдердің AI-құзыреттерін меңгеруіне, технологиялық кәсіпкерлікке, электрондық саудаға және жаңа қаржы құралдарына қолжетімділігін кеңейтуге айрықша мән беріліп отыр.

Осы бағыттағы нақты мысалдардың бірі – Ұлттық комиссияның қолдауымен Technowomen жүзеге асырып отырған IT-Aiel жобасы. Ол жұмыссыз әйелдерді, сондай-ақ бала күтіміне байланысты демалыстан кейін еңбек нарығына қайта оралып жатқан келіншектерді қайта даярлауға бағытталған. Жобаға қатысушылар цифрлық саладағы жаңа мамандықтар мен жасанды интеллект, бағдарламалық жасақтаманы тестілеу, чат-боттар әзірлеу, электрондық коммерция бағыттарындағы дағдыларды меңгеріп, қаржылық сауаттылық, кәсіпкерлік негіздері және цифрлық гигиена бойынша білім алады. Үш жыл ішінде 21 мыңнан астам әйел оқытудан өтті.

«Қазақстан үшін келесі қадам – технологияларды жай ғана пайдаланатын емес, оларды әзірлейтін әйелдердің қатарын кеңейту. Цифрлық дағдылар қаржыландыруға және нарықтарға қол жеткізумен, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдаумен қатар жүруге тиіс», – деп атап өтті Жұлдызай Ысқақова.

Қазақстан тарапы тәжірибе алмасудан практикалық субөңірлік ынтымақтастыққа көшу туралы да ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, әйелдердің цифрлық және жасыл экономикаға қатысуы жөніндегі салыстырмалы деректерді қалыптастыру, тиімді тәжірибелер қорын құру және бірлескен пилоттық жобаларды іске қосу ұсынылды.
Made on
Tilda