Құрметті отандастар!
1992 жылғы 4 маусым – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы айтулы күн. Осы күні мемлекетіміздің басты нышандары – Ту, Елтаңба және Әнұран ресми түрде бекітілді. Бұл рәміздер – тек мемлекеттік белгілер ғана емес, халқымыздың рухын, елдігіміздің айшықты айғағын, тәуелсіздігіміздің темірқазығын және тұтастығымыздың символын білдіретін қастерлі құндылықтар.
Көк Туымыз – көгіміздің ашықтығы мен бейбіт пейілімізді, жарқын болашаққа ұмтылысымызды бейнелейді. Ондағы алтын күн – өмір мен берекенің, самғаған қыран – еркіндік пен биік рухтың, ұлттық өрнек – бай мәдени мұрамыздың көрінісі.
Елтаңбада бейнеленген шаңырақ – барша халықты біріктіретін ортақ үйіміздің нышаны. Ел бірлігі мен ынтымағын, Қазақстанда өмір сүретін әрбір азаматтың мемлекеттің даму жолындағы орнын көрсететін терең мағыналы белгі.
Әнұранымыз шет мемлекеттерде шырқалған сәтте, әр қазақстандықтың жүрегінде елге деген мақтаныш, сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімі күшейе түсетіні сөзсіз.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия баршаңызды осынау мерейлі мереке – Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтайды!
Көк байрағымыз әрдайым көкте желбіреп, әрбір шаңырақта ынтымақ, ізгілік пен береке салтанат құрсын!