Жаңалықтар
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы — мемлекеттік отбасы саясаты аясындағы маңызды жобалардың бірі.

Өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде конкурс еліміздің түкпір-түкпіріндегі отбасылардың басын қосатын маңызды қоғамдық алаңға айналды. Оған деген қызығушылық та жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2014 жылы конкурсқа 1 298 өтінім түссе, 2026 жылы олардың саны 3 611-ге жетіп, үш есеге жуық өсті. Бұл жобаның қоғам тарапынан қолдау тауып, маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.

Марапаттау рәсіміне еліміздің әр өңірінен өнегелі отбасылар жиналды. Әрқайсысының өз тарихы, қалыптасқан дәстүрі мен мақтан тұтар жетістіктері бар. Олардың барлығын жақындарына деген сүйіспеншілік, бір-біріне деген жауапкершілік пен құрмет, отбасы бірлігін сақтай білу қасиеті біріктіреді.

Конкурс жеңімпаздарын тағы да шын жүректен құттықтап, қатысқан әрбір отбасына алғысымды білдіремін. Осындай жобаға қатысудың өзі — өнегелі өмір жолы мен отбасылық құндылықтарды сақтауға қосқан үлестің бағалануы.

Барша отбасыларға өзара сыйластықтың, қамқорлық пен қолдаудың үлгісін көрсетіп, бір-біріне сенімді тірек бола білгені үшін рақмет! Осындай қарым-қатынас қоғамның берік негізін қалыптастырып, шаңырақ көтерген жас отбасыларға өнеге болады.

Бұл марапат әр отбасының тарихындағы есте қаларлық оқиғаға айналып, отбасылық құндылықтарды сақтауға қосқан үлесінің лайықты бағасы болсын. Ал «Мерейлі отбасы» конкурсы ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, игі істерге жігерлендіретін ізгі дәстүр ретінде жалғаса берсін. Өйткені берік отбасы — берекелі қоғамның тірегі, еліміздің жарқын болашағының негізі.
04.11.2026
Made on
Tilda