«Гендерлік теңдік негіздері» семинары — мемлекеттік және өңірлік деңгейде жаңа серпін
2024 жылғы 11 желтоқсанда Астанадағы БҰҰ ғимаратында «Гендерлік теңдік негіздері» тақырыбында оқыту семинары өтті. Іс-шараға Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс әкімдері жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссияларының хатшылары мен гендерлік мәселелері жөніндегі кеңесшілер қатысты. Семинар БҰҰ-Әйелдер ұйымы әзірлеген «I Know Gender» сертификатталған курсының негізінде ұйымдастырылды және гендерлік теңдік қағидаттарын насихаттауға арналды.
Семинарды Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» ұйымы өкілдігінің басшысы міндетін атқарушы Дина Амришева, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко және Ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі Гаухар Нурахметова ашты. Спикерлер гендерлік теңдікті нығайтуға бағытталған мемлекеттік бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларды өзекті мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп іздеуге шақырды.
Семинар барысында Ұлттық комиссияның мүшесі, «NazymPR» коммуникациялық агенттігінің жетекшісі Назым Жангазинова «Масс-медианың әйелдердің құқықтарын кеңейту мен мүмкіндіктерін арттырудағы рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Спикер бұқаралық ақпарат құралдарының гендерлік теңдікті нығайтудағы әлеуетін көрсетіп, медиадағы гендерлік стереотиптерді жоюға бағытталған тиімді шешімдер ұсынды.
Ұлттық комиссияның мүшесі, ҚазГЗУ университетінің доценті Муслим Хасенов өз баяндамасында гендерлік заңнама сараптамасы және 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының басым бағыттары туралы ой қозғады. Спикердің айтуынша, гендерлік теңдікке жету үшін халықаралық тәжірибе мен ұлттық шараларды үйлестіру аса маңызды.
Үшінші сессияда Назарбаев Университетінің ассистент профессоры Жазира Агабекова қоғамдағы гендерлік мәселелерге ғылыми көзқарас туралы баяндама жасап, қатысушыларға гендерлік зерттеулердің қазіргі бағыттары туралы құнды ақпарат берді.
Төртінші сессияда «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының коммуникациялар және адвокация саласындағы маманы Динара Кұсаин гендерлік теңдік пен қатынастардың құрылымы жөнінде баяндама жасады. Спикер гендерлік қатынастардың аспектілерін талқылап, қатысушыларды осы мәселелер бойынша бірлескен жұмысқа ынталандырды.
Семинардың қорытынды сессиясында Динара Кұсаин гендерлік мейнстримингтің негізгі компоненттерін талқылады және қатысушыларды халықаралық тәжірибелерді талқылауға шақырды.
Семинар барысында қатысушылар гендерлік теңдікке жетудің жаңа идеялары мен бастамаларын талқылап, өңірлік деңгейде жүзеге асырылатын нақты ұсыныстар әзірледі. Бұл шара мемлекеттік органдар мен өңірлік комиссиялар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше үлес қосты.