Ultcom KZ

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Облыста тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау бағытында кешенді шаралар атқарылып келеді. Облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысына комиссия мүшелері, жауапты басқарма басшылары және аудан әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қиын жағдайға ұшыраған адамдарға көмек көрсету орталықтарының жұмысы, сондай-ақ, жастардың репродуктивті және психикалық денсаулығын сақтау мәселесі қаралды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл тұрмыстық қатынастар аясында құқық бұзған тұлғаларға қатысты 1789 қорғау нұсқамасы шығарылып, 356 азаматтың мінез-құлқына ерекше талап қойылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 29 пайызға артқан.

Облыста зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!», «Бақытты отбасы – бақытты ел!» атты акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Осының нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық қатынаста жасалған қылмыс 37 пайызға азайған.

Өңірдің барлық ауданында 15 орынды «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Жыл басынан бері мұнда 425 отбасы (1120 адам) әлеуметтік және психологиялық көмек алған.

Ал Талдықорған қаласындағы дағдарыс орталығында 55 адамға дейін уақытша тұру мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері 120 адамға, оның ішінде 89 балаға көмек көрсетілді. Тәулік бойы жұмыс істейтін 1301 және 8 (7282) 41-53-13 сенім телефондарына 122 азамат жүгінген.

Комиссия отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Жүнісова жастардың репродуктивті және психикалық денсаулығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, өңірде жастар денсаулығы мен «ЖасLife» медициналық орталығы жұмыс істейтінін баян етті. Мұнда 10 жастан 30 жасқа дейінгі жастарға кеңес беру, психологиялық және құқықтық көмек көрсету қызметтері көрсетіледі.

Биыл 60-тан астам семинар-тренинг өткізіліп, 4 мыңнан астам жас қамтылған. Сондай-ақ, «Аңсаған сәби» бағдарламасы мен «Жатыр мойны обырының алдын алу» акциялары аясында ақпараттық шаралар ұйымдастырылды.

Мамандардың айтуынша, ерте жүктіліктің алдын алу, жастардың білім деңгейін арттыру және отбасылық жауапкершілікті күшейту – басты міндеттердің бірі болып қала бермек.

Комиссия отырысы соңында отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жастардың денсаулығын қорғау бағытындағы ақпараттық жұмыстарды жүйелеу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Жауапты мамандар тәуекел тобына жататын отбасыларымен бірлесіп жұмыс өткізуге уәделесті.

Гүлжан ТҰРСЫН