1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия атынан құттықтау
Құрметті қазақстандықтар!
Қадірлі ата-аналар мен балалар!
1 маусым – әлемде балалардың құқықтары мен болашағына назар аударуға шақыратын ең мейірімді, ерекше мәнге ие күн.
Балаларға қамқорлық – бір мезеттік міндет немесе науқандық шара емес, елдің рухани кемелдігін, адамгершілік деңгейін, келешекке деген көзқарасын айқындайтын биік өлшем. Бүгін біз балаларды қаншалықты тыңдай алып, жан дүниесін түсіне білсек – ертеңгі ұрпақтың тағдыры да соған сай өрбиді.
Қазақстандағы әрбір бала өзін қауіпсіз сезінуі, арманына кедергісіз қол жеткізе алатын ізгі қоғамда өсуі керек. Бұл – біз қалыптастыруға тиіс орта.
Ұлттық комиссия жұмысының басты бағыттарының бірі – балаларды қорғау, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әл-ауқаты мен болашағы үшін жүйелі жағдай жасау.
Осы мақсатта біз ағартушылық бастамаларды дамытып, құқықтық тетіктерді жетілдіре отырып, мемлекеттік органдар, сарапшылармен және азаматтық қоғаммен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізудеміз. Бұл – әсіресе әлсіз және осал санаттағы балалардың мұқтажын дер кезінде естіп, нақты көмек көрсету үшін аса маңызды.
Осынау шуақты күні әрбір отбасыға амандық, бақыт пен береке тілейміз. Балаларымыз сыйластық пен сүйіспеншілікте өсіп-өнсін! Болашағы баянды болсын!
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия