Отбасын конституциялық қорғау: Ұлттық комиссия мен Конституциялық Сот бірлескен отырыс өткізді
29 шілде күні Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотымен бірлесіп, «Отбасы саясаты мен гендерлік әділеттіліктің конституциялық кепілдіктері» тақырыбында ведомствоаралық талқылау өткізді.
Отбасын, ананы, әке мен баланы қорғауды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде дәйекті түрде айқындап келеді.
Жаңа Конституцияның күшіне енуі бұл мәселелерге жаңа құқықтық мазмұн беріп, мемлекеттік органдардың алдына отбасын, құқықтар теңдігі мен гендерлік әділеттілікті қамтамасыз етудің конституциялық кепілдіктерін іске асырудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру міндетін қойды. Ұлттық комиссия мүшелерін, Конституциялық Сот, мемлекеттік органдар, құқық қорғау институттары мен сарапшылар қауымдастығының өкілдерін басын біріктірген ведомствоаралық талқылау дәл осы мәселелерге арналды.
Дөңгелек үстел отырысына Ұлттық комиссия Төрағасының орынбасары, Отбасы мәселелері жөніндегі уәкілСнежанна Имашева модераторлық етті. Отырысты аша отырып, ол жаңа Конституция отбасын қоғамның аса маңызды құндылықтарының бірі ретінде тануға, сондай-ақ мемлекеттің оның әл-ауқаты үшін жағдай жасау және отбасының әрбір мүшесінің құқықтарын қорғау міндетіне негізделген отбасын мемлекеттік қорғаудың заманауи үлгісін қалыптастыратынын атап өтті.
-«Бүгінгі міндетіміз – жаңа Конституцияның нормаларын мазмұндап қана қоймай, оларды іс жүзінде тиімді іске асыру. Мемлекеттің отбасылық саясатының тиімділігі мен әрбір қазақстандық отбасының құқықтарының қорғалу деңгейі осыған байланысты», - деп мәлім етті ол.
Сонымен қатар, ол дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау және отбасының әрбір мүшесінің құқықтарын қорғау барлық мемлекеттік институттардың үйлесімді іс-әрекетін талап ететінін жеткізді. Президенттің тапсырмасымен құрылған 160 Отбасын қолдау орталығының желісі осы жұмыстың негізгі тетіктерінің біріне айналып отыр және онда қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қызметтер толықтай қолжетімді.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының ТөрағасыЭльвира Азимова Ата Заңның 30-бабының конституциялық мәні оның сөзбе-сөз мазмұнынан әлдеқайда кең екенін атап көрсетті.
-«Отбасы тек әлеуметтік қорғау объектісі ретінде ғана емес, сонымен қатар адамның қадір-қасиетіне, бостандығына, ерлі-зайыптылардың теңдігіне, отбасы мүшелерінің өзара жауапкершілігіне және ұрпақтар сабақтастығына негізделген дербес конституциялық құндылық ретінде бекітілген», – деп атап өтті Эльвира Азимова.
Оның айтуынша, отбасын қорғау мен гендерлік әділеттілікті қамтамасыз ету бір-біріне қарама-қайшы емес, керісінше бірін-бірі толықтыратын, заңнама мен құқық қолдану тәжірибесінде кешенді түрде іске асырылуы тиіс конституциялық қағидалар.
Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьясы Айжан Жатқанбаева Конституциялық Соттың конституциялық кепілдіктерді қамтамасыз ету мен гендерлік теңдік қағидасын іске асырудағы ролін атап өтті. Оның айтуынша, Ата заңда некенің тең құқылы сипатының бекітілуі әйелдер мен ерлердің мүмкіндіктерінің шынайы теңдігін қамтамасыз ететін заңнамалық және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру үшін маңызды бағдар болып табылады.
Ол Конституциялық Сотқа отбасы заңнамасы мәселелері бойынша түсетін өтініштердің бір бөлігі теңдік қағидатын қорғаумен байланысты екенін атап өтті. Ондай істерді қарай отырып, Сот азаматтардың құқықтық жағдайындағы негізсіз айырмашылықтарды жоюға және конституциялық нормалардың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық ұстанымдарды қалыптастырады.
Осы ретте Конституциялық соттың баланы асырап алу, зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде бала күтімі кезеңін есепке алу, баланы өзі тәрбиелеп отырған ата-аналарға қатысты әкімшілік заңнаманың жекелеген нормаларын қолдануға қатысты шешімдерін мысалға келтірді.
Айжан Жатқанбаеваның айтуынша, Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдары заңнаманы теңдік, әділеттілік және кемсітуге жол бермеу сынды конституциялық қағидаттарына бірізді сәйкес келтіруге ықпал етеді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың пікірінше, мемлекеттік отбасы саясаты отбасыны әлеуметтік институт ретінде қорғау мүддесінен ғана емес, ең алдымен нақты адамның құқықтарын қорғау қажеттілігінен туындауы тиіс.
-«Дәл осы себепті Конституцияның 30-бабында неке туралы ережелер нақтыланған. Бұл – тек мемлекет тарапынан тіркелетін ерікті одақ. Ондағы ерлер мен әйелдер тең құқықтарға ие. Отбасы тек еріктілікке, тең құқықтылыққа, өзара құрметке, ата-аналардың ортақ жауапкершілігіне және баланың сөзсіз қауіпсіздігіне негізделген жағдайда ғана берік бола алады».
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов отбасын қолдау жүйесін дамыту және мемлекеттік отбасылық саясатты жетілдіру жөніндегі ведомство жұмысының нәтижелерін ұсынды. Ол Конституцияда отбасын қорғау қағидаларының бекітілуі, сондай-ақ Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы отбасы институтын одан әрі нығайтуға, жауапты ата-ана болуды насихаттауға және құқықтардың теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың алдағы басымдықтарын айқындайды.
Вице-министрдің айтуынша, халықаралық бағалау Қазақстанның ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласында жүргізіп отырған саясатының тиімділігін қуаттайды. Соның ішінде, Дүниежүзілік банктің соңғы баяндамаларының бірінде еліміздегі тиісті нормативтік-құқықтық және институционалды жүйенің даму деңгейіне 100-ден 85 балл берілген.
Соңғы жылдардағы елеулі жетістіктердің қатарында Евгений Кочетов Отбасын қолдау орталықтары желісінің құрылуын атап өтті. Бұл орталықтар бүгінде отбасыларға көмек көрсетудің мемлекеттік инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналғанын айтқан ол жүйені одан ары дамыту жұмыстары ата-ана институтын нығайтуға, отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуге және балалардың дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталатынын атап көрсетті.
ҚР Президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Жақып Асанов болса, жауапты әке болу институтын одан әрі нығайту және ер-азаматтарды отбасылық өмірге белсенді түрде тарту қажеттілігіне баса назар аударды. Оның айтуынша, тұрақты отбасылық қарым-қатынастарды қалыптастыру жастарды некеге жүйелі түрде дайындауды, отбасылық қарым-қатынас мәдениетін дамытуды және отбасылық өмірдің барлық кезеңдерінде ата-аналарға қолдау көрсетуді талап етеді.
-«Мықты отбасы өздігінен құрыла салмайды. Бұған отбасының өзінің де күш-жігері, сондай-ақ мемлекет тарапынан да көмек пен қолдау қажет», – деп атап өтті ол.
Талқылау қорытындысы бойынша бірлескен жұмысты одан әрі дамытудың бағыттары айқындалды. Бұл отбасылық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесінжетілдіруді, отбасылық даулар бойынша сот шешімдерінің орындалу тиімділігін арттыруды, жауапты ата-ана болу бағдарламаларын дамытуды, отбасыларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмектің қолжетімділігін кеңейтуді, сондай-ақ құқықтық ағарту жұмыстарын күшейтуді қамтиды.
Осылайша, талқылау отбасы саясаты мен гендерлік әділеттіліктің конституциялық кепілдіктерін іске асыру барлық мемлекеттік институттардың үйлестірілген іс-қимылдарын талап ететінін көрсетті. Конституциялық Сот, Ұлттық комиссия, құқық қорғау институттары мен мемлекеттік органдар отбасын, ана мен әкені және баланы қорғаудың бірыңғай жүйесін тұрақты түрде қалыптастыруда.