Батыс Қазақстан облысында іскер әйелдер форумы өтті
2024 жылғы 27 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданында іскер әйелдердің өңірлік форумы өтті. Шара Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Форумның ұйымдастырушылары – аудан әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы жанындағы іскер әйелдер кеңесі.
Форумның ашылуында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Төрағасының орынбасары Елена Ивановна Тарасенко құттықтау сөз сөйлеп, әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы рөлі мен маңыздылығын атап өтті.
Форумға сондай-ақ Бәйтерек ауданының әкімі Мәди Лұқпанұлы Тоқжанов пен өңірдің табысты кәсіпкерлері қатысты. Олардың қатарында Гүлмира Әлімгерей, Айнұр Кинжеева, Шолпан Құсбаева, Алия Ижанова және Лаура Сейткереева сияқты белсенді кәсіпкерлер бар. Спикерлер өздерінің табысты тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіпкерлікті дамытудағы өзекті мәселелерді талқылады.
Шара бағдарламасы мазмұнды және жан-жақты болды. Форум барысында Бәйтерек және Ақжайық аудандарының әйел кәсіпкерлері өндірген тауарлар мен қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Бұл көрме қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Форум қорытындысы бойынша өңірдің әйелдер қауымына айрықша еңбектері үшін алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Іс-шара іскер әйелдердің өзара тәжірибе алмасып, жаңа бастамаларды қолға алуы үшін маңызды алаңға айналды.