Ultcom KZ

Медициналық пойыз еліміздің шығыс өңірінде жұмысын аяқтауда

Осылайша, Таңсық станциясында халыққа тегін қызмет көрсеткен соң «Саламатты Қазақстан» пойызы 18 қыркүйек Қарағанды мен Ұлытау облыстарында азаматтарды қабылдауға кіріседі. Өткен апта, яғни 9-15 қыркүйек аралығы жылжымалы құрамдағы медицина қызметкерлері 4116 адамның денсаулығын қараса, олардың 103-і бала болып отыр.

Аталған пойыздағы медиатор мен заңгер мамандар тиісті мерзімде әлеуметтік-еңбек құқығы мәселелері бойынша Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының 42 тұрғынына ақысыз кеңес берді.

Мамыр айының басында сапарға шыққан пойыз ұжымы бұған дейін Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында болды. Бүгінде 52857 қазақстандықты (оның ішінде 13533 бала) медициналық қызметпен қамтыған дәрігерлер еңбегінен тыс, медиатор мен заңгер 2473 арызды қарастырып, жергілікті азаматтардың құқықтық, еңбек кикілжіңдерін шешуге күш салды.

Пойыз вагондарында қабылдау 13:00-14:00 түскі үзіліспен сағ. 09:00-18:00 аралығында жүргізіледі. Азаматтарда өздерімен бірге жеке куәлігі болса жеткілікті.

Пойыздың қозғалыс кестесі мен толық ақпаратты sk-trust.kz, medpoezd.kz сайттарынан және жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.

Әлеуметтік жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асуда.