Ultcom KZ

Қазақстан демографиясы: сандар мен деректер

11 шілдеде әлемде Дүниежүзілік халықтың қоныстануы күні атап өтіледі. Бұл атаулы күнді БҰҰ 1989 жылы халық санының өзгеруіне байланысты мәселелерге және олардың орнықты дамуға ықпалына назар аудару мақсатында бекітті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің басты байлығы адам екенін үнемі атап өтеді. Сондықтан отбасы институтын нығайту, адами капиталды дамыту және тиімді демографиялық саясат жүргізу мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі саналады.

Демографиялық үдерістер елдің адами капиталының сапасын, мектептерге, балабақшалар мен ауруханаларға деген қажеттілікті, еңбек нарығының, зейнетақы жүйесі мен өңірлердің даму бағытын айқындайды. Сондықтан демографиялық саясат ұзақ мерзімді мемлекеттік жоспарлаудың аса маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша ел халқының саны 20 575 979 адамға жетті. Жыл басынан бері халық саны 76 157 адамға өсті.

Ірі әлеуметтік-демографиялық топтардың бірі – жастар. Бүгінде Қазақстанда 14 пен 35 жас аралығындағы 5,8 млн азамат тұрады. Бұл – ел халқының 28 пайызы.

Халық саны өсуінің негізгі факторларының бірі – туу көрсеткіші. 2025 жылы Қазақстанда 335 мың бала дүниеге келді. Олардың 51,5 пайызы – ұлдар, 48,5 пайызы – қыздар.

Туудың жалпы коэффициенті әрбір 1000 адамға шаққанда 16,43-ті, ал туудың жиынтық коэффициенті бір әйелге шаққанда 2,57 баланы құрады. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі орташа көрсеткіштен – 1,46 баладан айтарлықтай жоғары. Сондай-ақ ұрпақтың табиғи алмасуын қамтамасыз ететін халықтың жай ұдайы өсу деңгейінен – бір әйелге шаққанда 2,1 баладан асып түседі.

Туудың жиынтық коэффициенті ең жоғары өңірлер қатарында Түркістан облысы – 3,86, Қызылорда облысы – 3,43 және Маңғыстау облысы – 3,32 көрсеткішімен ерекшеленді.

Дүниеге келген балалардың 61,2 пайызы қалалық жерде, 38,8 пайызы ауылдық жерде туған. Бала туу көрсеткішінің ең жоғары үлесі 25–29 жастағы әйелдерге – 27 пайыз және 30–34 жастағы әйелдерге – 26,1 пайыз тиесілі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті. Әйелдердің күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 79,80 жас, ерлердікі – 72,19 жас.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда демографиялық болжаудың заманауи жүйесі қалыптастырылып келеді. Ұлттық комиссия осы саладағы ұзақ мерзімді шешімдерді әзірлеу үшін ғылыми және сараптамалық қауымдастықты біріктіретін негізгі алаңдардың біріне айналды.

Ұлттық комиссияның бастамасымен 2022–2023 жылдары демографиялық тұрақтылық мәселелеріне арналған халықаралық конференциялар өткізілді. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен демографиялық күн тәртібі алғаш рет жеке Үкімет сағатында қаралды. Сондай-ақ 15 ғылыми және сараптамалық ұйымды біріктіретін отбасылық, гендерлік және демографиялық саясат мәселелері жөніндегі зерттеу ұйымдарының консорциумы құрылды.

Қазақстан Президентінің 2025 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Демографиялық болжау орталығын құру жөнінде берген тапсырмасы аталған жұмыстың заңды жалғасы болды.

Қазіргі уақытта Орталық демографиялық жағдайды бағалау жөніндегі Ұлттық баяндаманы әзірлеп жатыр. Құжат 2026 жылдың соңында жарияланады. Сонымен қатар өңірлердің демографиялық тұрақтылығы индексінің әдіснамасын әзірлеу және демографиялық үдерістерді талдаудың заманауи құралдарын жасау жұмыстары қолға алынды.

Демографиялық болжау жүйесін қалыптастыру ғылыми талдауға, нақты деректерге және ұзақ мерзімді жоспарлауға негізделген мемлекеттік саясаттың жаңа кезеңіне көшуді білдіреді. Бұл мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде демографиялық өзгерістерді дер кезінде ескеруге, отбасы институтын нығайтуға, жастарға жаңа мүмкіндіктер жасауға және Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.