Астанада отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі Ұлттық баяндама таныстырылды
Астанада отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі Ұлттық баяндаманың таныстырылымы өтті. Бұл құжат – әйелдер мен балаларды қорғау саласындағы мемлекеттік бастамалардың бағытын айқындайтын маңызды зерттеудің бірі. Баяндаманы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша ҚҚДИ-дың Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығы әзірлеген.
Таныстырылым БҰҰ қамқорлығымен өтетін «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясының бірінші күні ұйымдастырылды. Бұл жаһандық бастама ондаған елді біріктіріп, зорлық-зомбылық мәселесіне және зардап шеккендерді қолдауға қоғам назарын аударуға бағытталған. Қазақстан да аталған кампанияға дәстүрлі түрде қатысып, бұл бағыттағы қоғамдық диалогты үздіксіз күшейтіп келеді.
Іс-шарада ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов сөз сөйлеп, зерттеудің заманауи профилактикалық саясатты қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Кездесудің модераторы – Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, ҚҚДИ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова. Ол жыл сайын дайындалатын баяндамалардың елдегі жағдайды бағалау бойынша жүйелі жұмыстың маңызды бөлігіне айналғанын айтты. Оның айтуынша, мұндай зерттеулер динамиканы бақылауға ғана емес, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың терең себептерін анықтауға, сондай-ақ ұзақ мерзімді әрі тиімді шешімдер әзірлеуге негіз қалап келеді.
Баяндама төрт ірі бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, қазіргі жағдайды бағалаудан бастап, ресми статистикада сирек көрініс табатын жасырын зорлық түрлерін талдауға дейін. Зерттеу барысында әлеуметтік сауалнамалар, сараптамалық пікірлер және ресми деректер жүйеленіп, топтастырылған. Осылайша, баяндама кейінгі жылдардағы ең ауқымды және кешенді зерттеулердің бірі болып отыр.
Таныстырылым барысында сарапшылар негізгі деректер мен тұжырымдарын бөлісті. Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының басшысы Ақнұр Имашқұл баяндаманың негізгі нәтижелерін таныстырып, ерекше назар аударуды талап ететін үрдістер мен қауіп факторларын түсіндірді. Ал әлеуметтанушы Ботагөз Тұхжанова қоғамдағы зорлық-зомбылықты қабылдау ерекшеліктерін талдап, мұндай жағдайлардың жасырын қалу себептерін ашып көрсетті.
Философия ғылымдарының докторы Жанар Арғынбаева зорлық-зомбылықтың жиі назардан тыс қалатын, бірақ жәбірленушілер мен балаларға ұзақ мерзімді әсер ететін жасырын салдарына тоқталды. Ұлттық комиссия мүшесі, заңгер Муслим Хасенов зерттеудің құқықтық аспектілерін ұсынып, профилактикалық шараларды күшейту және осы салада қызмет атқаратын мамандардың кәсіби даярлығын арттыру қажеттігін атап өтті.
Іс-шараны қорытындылаған Әсем Құсманова Қазақстанда қолдануға болатын халықаралық және отандық ерте араласу тәжірибелерін таныстырды.
Іс-шараға ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның өкілдері, сарапшылар, ғалымдар және мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты. Қатысушылар әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқықтық және институционалдық тетіктерді күшейтуге ерекше мән беретінін атап өтті.
Мазмұнды баяндамалардан кейін қатысушылар ашық талқылау өткізіп, мемлекеттік органдар, зерттеу орталықтары мен ҮЕҰ өкілдері өзара пікір алмасып, алдағы атқарылатын міндеттер мен ықтимал шараларды қарастырды.
Талқылау барысында ведомстволық өзара іс-қимылды күшейту, тәуекелдерді бағалаудың заманауи әдістерін енгізу, дағдарыс қызметтерін дамыту, сондай-ақ жастар мен ата-аналарға бағытталған алдын алу жұмыстарын кеңейту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Қатысушылар Ұлттық баяндаманың 2025 жылға арналған тұжырымдары келесі жылға белгіленетін басымдықтарды айқындауға, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы жаңа шешімдер мен бағдарламаларды әзірлеуге негіз болатынын атап өтті.