Сарапшылар жаһандық трендтерді, Қазақстан жастары мен отбасының болашағын талқылады
13 тамызда Астанада Қазақстандық қоғамдық даму институтында БҰҰ Халық қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) Demographic Futures Survey 2026 атты жаңа жаһандық зерттеуінің нәтижелерін таныстыруға арналған «Жастар, отбасы және Қазақстандағы демографиялық даму» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия аясында жұмыс істейтін Отбасылық, гендерлік және демографиялық саясат саласындағы зерттеу ұйымдары консорциумының қызметі шеңберінде ЮНФПА-мен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілді.
Талқылауға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Чинве Огбонна, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, зерттеу орталықтарының, академиялық және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысып, жас ұрпақтың өмірлік бағдарларын, отбасы институтындағы трансформациялық үдерістерді және елдің демографиялық болашағын қалыптастыратын факторларды талқылады.
Қатысушыларға Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова құттықтау сөз арнады. Ол отбасы, гендер және демография саласындағы ғылыми зерттеулердің маңызды рөлін атап өтіп, бүгінде 15 сарапшылық ұйымды біріктіріп отырған Консорциумның қызметі туралы айтып өтті.
«Консорциумның миссиясы – ғалымдар мен талдаушылардың күш-жігерін біріктіріп, зерттеу нәтижелерін шешім қабылдайтын тұлғаларға жеткізу. Бұл дәлелдерге негізделген тиімді мемлекеттік саясат қалыптастыруға мүмкіндік береді. Demographic Futures Survey 2026 жаһандық зерттеуі арқылы біз Қазақстан жастарының құндылықтарын көріп, оларды басқа елдердің көрсеткіштерімен салыстыра аламыз. Бұл әрдайым аса мазмұнды әрі құнды», – деп атап өтті Жұлдызай Ысқақова.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров ЮНФПА зерттеуінің нәтижелері «Қазақстандық отбасылар» және «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамаларындағы деректермен өзара сәйкес келетінін атап өтті. Олардың нәтижелері жастар үшін лайықты серіктестің болуы, өмірлік мақсаттардың ортақтығы, эмоциялық дайындық және отбасылық міндеттерді әділ бөлу маңызды екенін көрсетеді.
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті ЮНФПА-мен бірлесіп, 2024 жылы Астана және Шымкент қалаларында некені тіркеуге өтініш берген азаматтарға ақысыз негізде некеге дейінгі оқыту бағдарламасын пилоттық режимде сынақтан өткізді. Пилоттық жобаның нәтижелері бастамаға сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Ал 2025 жылы Отбасын қолдау орталықтары бағдарламаны өңірлерде енгізе бастады. Бүгінде 300-ден астам жұп оқытудан сәтті өтті», – деді Қайрат Қамбаров.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі некеге дейінгі оқыту бойынша әдістемелік нұсқаулық пен үлгілік бағдарламаны әзірлеп, бекітті. Жыл соңына дейін бұл жоба еліміздің барлық Отбасын қолдау орталықтарында енгізіледі. Сонымен қатар ата-аналардың құзыреттерін арттыруға бағытталған «Ата-аналар академиясы» жобасы және www.ata-ana.kz платформасы іске асырылуда.
ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Чинве Огбонна еліне немесе тұрғылықты жеріне қарамастан, жастардың берік қарым-қатынас, неке және бала сүю сияқты негізгі құндылықтарға ұмтылатынын атап өтті. Алайда бұл үшін оларға экономикалық тұрақтылық пен лайықты тұрғын үй жағдайлары қажет.
«Зерттеу нәтижелерінен біз жастардың отбасы құруға ниетсіздігін емес, болашаққа қатысты белгісіздікті және олардың өз отбасылық жоспарларын жүзеге асыра алатынына, сондай-ақ оларды қашан жүзеге асыра алатынына қатысты күмәндерін көріп отырмыз», – деп атап өтті спикер.
Demographic Futures Survey 2026 жаһандық зерттеуінің деректерін таныстырған ЮНФПА-ның Қазақстандағы халық саны және гендер мәселелері жөніндегі ұлттық бағдарламалар үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова бұл зерттеудің жас ұрпақтың отбасыға, қарым-қатынасқа және болашаққа қатысты көзқарастарына арналған ең ауқымды халықаралық салыстырмалы зерттеулердің бірі екенін атап өтті. Оған 73 ел мен аумақтан 18–39 жас аралығындағы 108 мыңнан астам интернет пайдаланушы қатысты.
«Зерттеудің негізгі қорытындыларының бірі – жастар арасында отбасы мен ата-ана болу құндылығының сақталуы. Алайда отбасы құруға дайындық әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен адамның жеке дайындығына барған сайын көбірек тәуелді болып отыр. Сауалнамаға қатысқандардың үштен екісінен астамы некелесуді немесе серіктесімен бірге тұруды қалайды. Бұл ретте респонденттердің 81%-ы қаржылық тұрақтылықты серіктестік одақ құрудың маңызды шарты деп санайды, ал 88%-ы оны ата-ана болу туралы шешім қабылдаудың маңызды шарты деп есептейді. Сонымен қатар тұрақты жұмыспен қамтылу мен эмоциялық дайындық та маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті Ғазиза Молдақұлова.
Өз кезегінде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының міндетін атқарушы Сабина Шаймерденова «Қазақстан жастары» әлеуметтанулық зерттеуінің жастардың әлеуметтенуі мен азаматтық ұстанымына цифрлық ортаның ықпалы туралы деректерімен бөлісті.
«Цифрлық орта жастардың құндылықтарын, бірегейлігін және өмірлік стратегияларын қалыптастыруға барған сайын елеулі ықпал етіп келеді. Мұндай жағдайда медиасауаттылықты, цифрлық мәдениетті және технологияларды саналы түрде пайдалану дағдыларын дамыту ерекше өзектілікке ие», – деп атап өтті сарапшы.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасылық және гендерлік саясатты зерттеу орталығының директоры Эльмира Отар институт жүргізген зерттеулердің нәтижелері жастардың отбасылық құндылықтардан бас тартуы туралы стереотипті жоққа шығаратынына назар аударды. Оның айтуынша, болып жатқан үдерістер отбасылық құндылықтардың жойылуын емес, керісінше, олардың жаңа мазмұнмен толығуын көрсетеді.
«2020–2024 жылдары отбасын бақыт пен махаббатпен байланыстыратын жастардың үлесі 32,7%-дан 56,0%-ға дейін, ал отбасын жауапкершілік пен міндеттемелермен байланыстыратын жастардың үлесі 15,4%-дан 26,3%-ға дейін өсті. Бұл отбасы құндылығының төмендеуін емес, оның серіктестік, махаббат және өзара қолдау тұжырымдамасы арқылы қайта пайымдалып жатқанын көрсетеді», – деп қорытындылады Эльмира Отар.
Қорытындылай келе, қатысушылар жастардың отбасын құруға қатысты шешімдеріне жұмыспен қамту сапасы, табыс деңгейі, тұрғын үйдің қолжетімділігі және ертеңгі күнге деген сенім шешуші ықпал ететінін атап өтті. Сарапшылар жастар және отбасылық-демографиялық саясатты қалыптастыруда, сондай-ақ басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелерін белсенді түрде енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара нақты қажеттіліктерге негізделген практикалық қадамдарды әзірлеу үшін мемлекет, халықаралық ұйымдар мен ғылыми қоғамдастық арасындағы жүйелі диалогтың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.