Ultcom KZ

Отбасыны қолдау орталықтарының жұмысы Ұлттық комиссияның басты назарында

Ақтөбе, 2 маусым 2025 жыл


Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның Хатшысы Гаухар Нұрахметова Ақтөбе қаласына жұмыс сапары аясында Отбасын қолдау орталығының қызметімен және өңірдегі әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Жалпы елімізде 112 Отбасын қолдау орталықтары, оның ішінде 14 Ақтөбе облысында жұмыс істеуде. Орталықтардың тиімді жұмысы әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға, отбасылық жанжалдарды шешуге және әлеуметтік мәселелерді азайтуға ықпал етеді, отбасыларға әр-түрлі қиындықтарын шешуге көмектеседі және олардың әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасайды.

Ұлттық комиссияның Хатшысы орталықтың құрылымы, қызмет бағыттары, отбасы институтын нығайтуға арналған жобалармен және әлеуметтік-психологиялық қолдау тетіктерімен танысып, мекеме мамандарымен кездесті. Кездесу барысында орталық қызметкерлері жүргізіліп жатқан жұмыстар, олардың нәтижелері мен күн тәртібіндегі мәселелер туралы баяндады.

Сонымен қатар “Derbes” инклюзивті шеберханасының жұмысы ұсынылды. Бұл ерекше жоба 2024 жылдың қарашасында қоғам белсендісі Руслан Қазыбаевтың бастамасымен және отбасы қаражаты есебінен іске қосылған. Шеберхана аутизм және даму ерекшеліктері бар жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеуге, еңбекке баулуға және кәсіби машықтарды игеруге бағытталған. Қатысушылар табиғи СПА өнімдерін дайындап, жұмыс тәжірибесін қалыптастыруда.

Ұлттық комиссияның Хатшысы аталған бастаманың әлеуметтік маңызына ерекше тоқталып, инклюзивті жобалардың қоғамда өзара түсіністік пен қолдауды қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар «Derbes» жобасының тәжірибесін жан-жақты талдап, оның тиімді тетіктерін басқа өңірлерге кеңінен тарату қажет екенін атап өтті.

Ұлттық комиссияның баспасөз қызметі

ulttyqkomissia@gmail.com | +7 778 229 4777