Ultcom KZ

Әйелдер көшбасшылығы мен жастар денсаулығы – тұрақты даму кепілі

ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия өңірлерде өз жұмысын жалғастыруда. Комиссия мүшелері Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарына жасаған сапары аясында әйелдер көшбасшылығы мен жастардың денсаулығына қатысты бірқатар бастамаларды талқылады.

24 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Явленка ауылында Ұлттық комиссияның қолдауымен «Ауылдың әйелдері – ел мақтанышы» атты республикалық форум өтті. Шараға ел өңірлерінен әйел-көшбасшылар, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Форумда ауылды дамытудағы әйелдердің рөлі, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру және мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылды.

Сапардың келесі бағыты – Абай облысы. Семей қаласында Ұлттық комиссия делегациясы Аналар кеңесі және әйелдер істері жөніндегі комиссия өкілдерімен кездесіп, отбасы институтын нығайту мен әлеуметтік қолдау мәселелерін талқылады. Ұлттық комиссия мүшесі Әйгерім Сәрсенбаева бұл кездесудің өңірлердегі жағдайды зерделеуге арналған мониторинг сипатына ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай диалог нақты проблемаларды дер кезінде анықтап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Ұлттық комиссия жастар денсаулығына арналған бастамаларға да ерекше назар аударды. Делегация «Жас өмір» және «Жас Асыл» жастар денсаулық орталықтарының жұмысымен танысты. Мұнда жастарға тегін әрі құпия түрде медициналық, психологиялық және құқықтық кеңес беріліп, ерікті жастар клубтары арқылы салауатты өмір салты насихатталуда.

Ұлттық комиссия өкілдерінің пікірінше, әйелдерге қолдау көрсету және жастардың денсаулығын қорғау – елдің тұрақты дамуы үшін маңызды басымдықтар.