Ultcom KZ

Медициналық пойыз Жамбыл өңіріндегі жұмысын аяқтайды

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы осы апта Жамбыл облысының халқына тегін қызметін көрсетуін тәмамдайды. Доңғалақ үстіндегі емхана желтоқсан айынан бастап Алматы облысында жұмысқа кіріседі.

Өткен апта, яғни 18-24 қараша аралығы жылжымалы құрамдағы медицина қызметкерлері 3 827 адамның денсаулығын қараса, олардың 1 043-і бала болып отыр. Аталған пойыздағы медиатор мен заңгер мамандар тиісті мерзімде әлеуметтік-еңбек құқығы мәселелері бойынша 34 тұрғынға кеңес берді.

Мамыр айының басында сапарға шыққан пойыз ұжымы бұған дейін Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарында болды. Бүгінде 86 352 қазақстандықты (оның ішінде 19 877 бала) медициналық қызметпен қамтыған дәрігерлер еңбегінен тыс, медиатор мен заңгер 2 873 арызды қарастырып, жергілікті азаматтардың құқықтық, еңбек кикілжіңдерін шешуге күш салды.

Пойыз вагондарында қабылдау 13:00-14:00 түскі үзіліспен сағ. 09:00-18:00 аралығында жүргізіледі. Азаматтарда өздерімен бірге жеке куәлігі болса жеткілікті.

Пойыздың қозғалыс кестесі мен толық ақпаратты sk-trust.kz, medpoezd.kz сайттарынан және жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.

Әлеуметтік жоба ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асуда.