Ultcom KZ

Ақкөлде ауыл әйелдерінің әлеуетін арттыруға бағытталған республикалық форум өтті

2025 жылдың 4 желтоқсанында Ақкөл қаласында «Ауылдағы әйел: Бірлік. Даму. Болашақ» атты республикалық форум өтті. Форумды ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясы, «Ауыл» саяси партиясы және Ақмола облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен шамамен 400 әйел мен түрлі ұйымдардың өкілдері қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – ауыл әйелдерінің экономикалық әлеуетін арттыру, үздік тәжірибелерді ортаға салу, сондай-ақ олардың көшбасшылық және кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңейту болды. Сондай-ақ жиын әлеуметтік-экономикалық даму үдерісінде әйелдердің рөлін күшейтуге бағытталған тиімді диалог алаңы ретінде қызмет етті.

Іс-шара ауыл шаруашылығы өнімдері, қолөнер бұйымдары және отандық тауарлар көрмесімен басталды. Қатысушылар ауылдағы кәсіпкер әйелдердің еңбегінің нәтижелерімен танысты.

Форумда сөз сөйлеген Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов ауылдық аумақтағы әйелдердің рөліне және әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ляззат Сүлеймен өз сөзінде ауыл әйелдерінің әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Ауыл әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайту – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Біздің міндетіміз – олардың әлеуетін толық ашуға және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасау», – деді ол.

Пленарлық сессия барысында сарапшылар, табысты бизнес өкілдері және қоғамдық бастамалар жетекшілері әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, жаңа технологияларды меңгеру және өңірлік ресурстарды тиімді пайдалану тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар әйелдер бизнесін қолдауда жасанды интеллект пен цифрлық платформалардың рөлін талқылап, ұлттық дәстүрлерді заманауи технологиялармен ұштастырудың табысты үлгілерін қарастырды.

Сонымен бірге агробизнес пен өндіріс саласында табысқа жеткен ауыл әйелдерінің нақты жетістіктері көрсетіліп, олардың еңбекқорлығы мен қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда қазақ әйелінің маңызы ерекше атап өтілді.

Форум аясында қатысушылар «Smart Aqkol» технологиялық хабы мен Республикалық ғарыштық байланыс орталығының жұмысымен танысты. Заманауи цифрлық шешімдер, инновациялық инфрақұрылымдық жобалар және «ақылды қала» технологиялары өңір экономикасының дамуына және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға елеулі үлес қосатыны көрсетілді.

Форум қорытындысында қатысушылар ауыл әйелдерін жүйелі түрде қолдаудың маңыздылығын, кооперативтік шаруашылықты дамыту, экспортқа бағытталған бастамаларды ілгерілету және мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Ақкөлде өткен бұл іс-шара ауыл әйелдерінің әлеуетін арттыру мен олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды алаң болды.