Ultcom KZ

Репродуктивті денсаулық пен отбасын қолдау: Ұлттық комиссия мүшесі «Экомед» клиникасының 30 жылдық мерейтойына қатысты

2025 жылғы 18 сәуірде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Шолпан Каринова репродуктивті технологиялар саласында қызмет көрсететін алғашқы медициналық мекемелердің бірі — «Экомед» клиникасының 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шараға қатысты.

Репродуктивті денсаулық пен сапалы медициналық қызметке қолжетімділік — мемлекеттің демографиялық саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Мамандардың мәліметінше, бүгінде Қазақстанда әрбір алтыншы отбасылық жұп бала сүюде қиындықтарға кезігуде. Репродуктивті денсаулықтағы қиындықтардың артуы жүйелі мемлекеттік қолдауды ғана емес, сондай-ақ қоғамда кеңінен талқылауды қажет етеді.

Ұлттық комиссия репродуктивті денсаулықты отбасылық-демографиялық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Осы тұрғыда «Экомед» сияқты клиникалардың қызметі халықтың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға және саналы ата-ана болу мәдениетін қалыптастыруға айрықша үлес қосады.

«Отбасын қолдау — Ұлттық комиссия қызметінің негізгі басымдығы. Біз жас отбасылардың ата-ана атану жолындағы қиындықтарды еңсеруіне қолдау көрсететін бағыттардың дамуын ұдайы бақылап отырамыз. Репродуктивті денсаулық — бұл жеке мәселе емес, бүкіл қоғамның болашағына тікелей қатысты ортақ тақырып. Сондықтан бұл саланың дамуы жауапкершілікпен, кәсіби деңгейде және қоғаммен тығыз диалог негізінде жүзеге асуы тиіс» — деді Ұлттық комиссия мүшесі Шолпан Каринова өз сөзінде.

Ұлттық комиссия ата-ана болу жолында отбасыларды қолдап, медицина саласына инновацияларды енгізіп келе жатқан дәрігерлер қауымдастығына ризашылығын білдіреді.