Ultcom KZ

BeWoman Asia 2025: Орталық Азияның әйел көшбасшылары болашақ үшін күш біріктірді

Алматыда BeWoman Asia 2025 форумы өз жұмысын бастады. Бұл – аймақтың ең ірі алаңы, онда 20 елден келген әйел көшбасшылар, кәсіпкерлер, сарапшылар, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бас қосты.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері де қатысты.

Форумның Қамқоршылық кеңесін Ұлттық комиссия төрағасы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева басқарды. Ол өз сөзінде әйелдердің экономикалық дамудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

Аида Балаеваның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстандағы шағын және орта бизнестің 48,2%-ын әйелдер басқарады. Жеке кәсіпкерлердің 53,4%-ы әйелдер болса, мемлекеттік қызметшілер арасындағы үлесі – 55,8%. Сонымен қатар студент қыздардың 30%-дан астамы STEM бағыттарын таңдайды, ал 31%-ы IT және цифрлық экономика саласында еңбек етіп жүр.

Аида Балаева аналардың қоғамдағы миссиясына да тоқталды. Оның сөзінше, болашақ ұрпақты заңды құрметтеуге, дамуға ұмтылуға, еңбекті бағалауға, мәдениет пен дәстүрді сақтауға баулу – аналардың басты міндеті. Сондай-ақ ол бірлік пен толеранттық құндылықтарын дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.

Форумның басты тақырыбы — «The Power of Generations / Ұрпақтар күші». Ол сабақтастық пен білімге, технологияға және адами капиталға инвестиция салу мәселелеріне арналды. Негізгі оқиғалардың бірі – Алматы декларациясы-2025-ке қол қою. Құжат Орталық Азия әйел көшбасшыларының халықаралық альянсын құруды және Әйелдер кәсіпкерлігі күнін ілгерілетуді көздейді.

«Орталық Азия Ренессансы – ұрпақтар күші» атты пленарлық сессияда Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова баяндама жасады.

«Қазақстан мен Орталық Азия өңірі әйелдер құқықтарын қорғау саласында елеулі жетістіктерге жетті. Әйелдердің сауаттылық деңгейі жүз пайызға жуық. Жұмыс істеп жүргендер мен бизнес иелерінің жартысына жуығы – әйелдер. Дегенмен, әйелдің қоғамдағы рөліне қатысты стереотиптер әлі де бар. Біздің міндетіміз – түрлі салада табысты жүзеге асқан әйелдердің нақты мысалдарын көрсету», – деді ол.

Форумға 95-тен астам халықаралық және қазақстандық сарапшы қатысты. Олардың қатарында Брайан Трейси, Рита Макграт, Венди Даймонд, Аюми Мур Аокис, Ирина Хакамада және отандық бизнес көшбасшылары бар.