Ultcom KZ

ХХІ ғасыр университеті: өңір дамуына қызмет ететін институционалдық платформа

Қазіргі жоғары білім беру жүйесінде университеттің рөлі дәстүрлі академиялық шеңбермен шектелмейді. ХХІ ғасыр университеті – тек білім мен ғылым орталығы ғана емес, өзі орналасқан өңірдің әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық дамуына нақты үлес қосатын институционалды платформа.
Бұл көзқарас King’s College London университетінің вице-ректоры, профессор Джонатан Гранттың “The New Power University: The Social Purpose of Higher Education in the 21st Century” атты еңбегінде кеңінен негізделген. Автор классикалық академиялық модельді сынға ала отырып, университеттің қоғаммен бірлесе нақты әлеуметтік мәселелерді шешуде белсенді рөл атқару керектігін айтады.
Бұл ұстаным Қазақстандағы білім беру саясатына да үндес. Жуырда Астанада өткен ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысында өңірлік университеттердің қоғамдық бастамаларды іске асырудағы маңызы ерекше аталды.
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті үшін қоғаммен тікелей жұмыс істеу – стратегиялық бағыт. Университеттің үшінші миссиясы – өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, білім мен мүмкіндіктерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге үлес қосу.
Осы миссия аясында күні кеше университет алаңында цифрлы экономика жағдайында Ақтөбе облысындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған кеңейтілген сараптамалық кездесу өтті. Оған Облыстық мәслихат, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік кірістер органдары, IT hub өкілдері, сондай-ақ аудан мен ауылдардан келген кәсіпкер әйелдер қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – цифрлы дағдыларды дамыту, жаңа салық режимін түсіндіру, мемлекеттік қолдау тетіктерін үйлестіру және оларды, әсіресе шалғай ауылдардағы әйел кәсіпкерлер үшін қолжетімді ету жолдарын талқылау. Бұл бағыт Әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия (https://www.facebook.com/ulttyqkomissia?__cft__[0]=AZZYY9YhI8zvIuSODi8AJcJ-rz4571YdXxqVhzWUMmwD26Ub8KjrBNrXPnaSg5DG2PmNcvVlNc1E-wHi_HmBMlvTc52g4zepKavpxkoiSNezhs6PlPTOeHJCC_YSlTpSwI8&__tn__=-]K-R)ның басым міндеттерімен тікелей сабақтас.
Маңызды шешімдердің бірі – онлайн білім алуға ниетті, бірақ техникалық мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер әйелдерге университет базасында интернетке қосылған компьютерлік орындар ұсыну. Бұл – университет ресурстарының өңір игілігіне қызмет етуінің нақты көрінісі.
Университет оқытушылары мен студенттерінің кездесуге қатысуы да маңызды. Қыз балаларды кәсіпкерлік дағдыларға ерте баулу – ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық нәтиже беретін бағыт.
Өңірлік университет – қоғаммен бірге дамитын әрі қоғам үшін жауапкершілік алатын институт. Университет әлеуеті өңір дамуына қызмет еткенде ғана оның миссиясы толық жүзеге асады.