Қазақстан мен Ресей: Оралда өткен форумда жастар мен әйелдердің қоғам дамуындағы рөлі талқыланды
Орал қаласында XXI Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумы мәресіне жетті. Екі елдің билік, бизнес, қоғамдық ұйымдар және жастар қозғалыстары өкілдерін біріктірген ауқымды форум 11 және 12 қараша аралығында өтті.
Қатысушылар адами капиталдың дамуына, әлеуметтік серіктестікті нығайтуға және жаңа буын мамандарды қолдауға бағытталған бірлескен бастамаларды талқылады.
Форум бағдарламасында панельдік сессиялар, колледждер мен кәсіпорындардың серіктестік көрмесі, Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесінің отырысы, сондай-ақ «Жастарға арналған жұмысшы мамандықтарының трендтері мен тартымдылығы» және «Волонтерлік тәжірибе алмасу» атты тақырыптық секциялар өтті.
Форумда жастарды кәсіпкерлік пен волонтерлік қозғалысқа тарту, сондай-ақ әйелдердің қоғам өміріндегі рөлін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
– Бұл форум тек пікір алмасу алаңы ғана емес, нақты идеяларды іске асыруға мүмкіндік беретін серіктестік кеңістігі. Қатысушылар ең озық тәжірибелермен бөлісіп, тұрақты даму мен ортақ жауапкершілікті нығайтуға бағытталған бастамаларды бірге қалыптастырады, – деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко.
Спикерлер Қазақстан мен Ресейдің жастар саясаты мен азаматтық белсенділік саласындағы бірлескен іс-қимылдары өңірдің тұрақты дамуының маңызды элементіне айналғанын атап өтті. Волонтерлік тәжірибе, кәсіби дағдыларды дамыту және әйелдерге тең мүмкіндіктер беру – екі елді біріктіретін және болашақ ынтымақтастықтың негізін құрайтын тақырыптар.
Оралдағы форум көрсеткендей, жастар мен сарапшылар арасындағы диалог әлеуметтік, білім беру және мәдениет бағытындағы, жауапты әрі белсенді ұрпақты қалыптастыруға ықпал ететін нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.