Ultcom KZ

Ұлттық комиссия цифрлық трансформация жағдайында әйелдер кәсіпкерлігін қолдауды күшейтуде

2025 жылғы 12 желтоқсанда ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті.

Отырысты Комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Аида Балаева жүргізді. Күн тәртібінде әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ цифрлық экономика мен жасанды интеллект дәуірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланды.

Талқылау барысында жобалардың іске асырылу барысы қаралып, мемлекеттік органдардың әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытындағы жұмысы бағаланды.

Қазақстанда әйелдердің экономикалық белсенділігі жоғары деңгейде қалып отыр. Шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 48%-ын әйелдер басқарады, ал жеке кәсіпкерлер арасындағы бұл көрсеткіш 58,6%-ға жетеді.

«Цифрландырудың жоғары деңгейі қазақстандық әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігінің артуына ықпал етеді. Әйелдердің қазіргі жұмыспен қамтылуын сақтау ғана емес, олардың жоғары табысты және жаңа экономикалық секторларға қол жеткізуін кеңейту де маңызды.

Халықаралық тәжірибе мен Қазақстан деректері көрсеткендей, әйелдер еңбекке, ресурстарға және дамуға мүмкіндік алған жерде тәртіп, теңдік және өзара құрметке негізделген серіктестік қалыптасады, зорлық-зомбылық тәуекелі төмендейді», – деді отырыстың ашылуында Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева.

«Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі, Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова әйелдер үшін цифрлық құралдар мен жасанды интеллект жаңа перспективалар ашатынын атап өтті. Әсіресе жоғары технологиялық секторларда бұл мүмкіндіктер айқын байқалатынын айтты. Сондай-ақ сервистік қызметтер, тәлімгерлік және оқыту бағдарламалары арқылы жүйелі қолдау көрсету кәсіпкерлікке кіру кедергілерін азайтуға көмектесетінін жеткізді.

Сонымен бірге, бірқатар мәселелер сақталып отыр. Әсіресе кәсібін енді бастағандар мен ауылдық жерлердегі әйелдер несие, кепілдік және инвестициялық қолдау алу кезінде қиындықтарға тап болуда. Бұл олардың бизнесті кеңейтуіне кедергі келтіреді.

Ауылдағы әйелдердің цифрлық сауаттылығының жеткіліксіз болуы электрондық сауда, онлайн-платформалар және қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктерін толық пайдалануына шектеу қойып отыр. Саладағы гендерлік сегрегация да сақталған. Әйелдер жоғары жалақы төленетін негізгі секторларда аз қамтылған. IT, инженерия, цифрлық қызметтер сияқты сұранысқа ие салаларда да әйелдердің үлесі төмен.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, министрлік қолдауымен өңірлерде кәсіпкерлерге қызмет көрсету бойынша 20 орталық жұмыс істейді, ал шағын қалалар мен ауылдарда 88 өңірлік орталық бар. ЕҚҚДБ-мен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Бизнес саласындағы әйелдер» бағдарламасы аясында осы жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін төрт банк пен екі микроқаржы ұйымы арқылы әйелдер басқаратын ШОБ-қа несие беру үшін 102,2 млрд теңге (247 млн доллар) бөлінді.

Қазақстандағы әйел кәсіпкерлерді қолдау шаралары БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының 5-мақсаты – «Барлық әйелдер мен қыздардың құқықтарын қамтамасыз ету және мүмкіндіктерін кеңейту» бағытына қол жеткізуге жағдай жасайды.

Отырыстың қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Отырысқа салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары, бизнес-құрылымдардың, сарапшылар қауымдастығы мен ғылыми орта өкілдері қатысты.