БҰҰ-Әйелдер құрылымының кеңсесінде ағымдағы күн тәртібі талқыланды
Қазақстандағы БҰҰ-Әйелдер құрылымының кеңсесінде халықаралық ұйымдар, мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық сектор өкілдері қатысқан Кеңейтілген гендерлік тақырыптық топтың кездесуі өтті.
Бұл алаңда негізгі назар әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес және гендерлік теңдікті ілгерілету бағытындағы бірлескен іс-қимылдарға аударылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия атынан іс-шараға Комиссия хатшысы Гаухар Нұрахметова қатысты.
Кездесуде сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы Скендер Сыла және БҰҰ-Әйелдер құрылымының Орталық Азия бойынша үйлестіру кеңсесінің басшысы, Қазақстандағы елдік кеңсе өкілі Джерен Гювен Гүрес сөз сөйледі.
Гаухар Нұрахметова Джерен Гювен Гүресті жаңа қызметімен құттықтап, оның бейбітшілікті нығайту және даму бағдарламалары саласындағы бай тәжірибесін атап өтті. Қазақстан тарапы халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі күшейтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында қатысушылар ерекше назарды 25 қараша — Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күні мен 10 желтоқсан — Адам құқықтары күні аралығында өтетін жаһандық кампанияға дайындыққа аударды.
Биылғы жылы БҰҰ кампания тақырыбын «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты жою» деп жариялады. Қатысушылардың айтуынша, бүгінде әйелдер мен қыздар жиі онлайн кеңістікте дискриминация мен қорлауға ұшырап, жеке шекараларының бұзылуына тап болуда. Бұл — офлайн зорлық-зомбылықтан кем түспейтін өзекті мәселе.
Кездесудің ерекше әрі шабыттандырар сәті — Астанадағы №82 «Дарын» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Айзере Азаматқызының сөзі болды. Ол БҰҰ-Әйелдер кеңсесінің қолдауымен ұйымдастырған TEDx конференциясы — «Қазіргі қазақстандық қыздардың бейнесі» жобасы туралы айтып берді.
Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, гендерлік теңдік, инклюзия және әйелдердің құқықтарын ілгерілету бағытында ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.
БҰҰ-Әйелдер кеңсесіндегі бұл ашық диалог Қазақстанда әрбір қыз өзін қорғалған, естіген және арманын еркін жүзеге асыра алатын елде өмір сүріп жатқанын сезінуіне тағы бір қадам жақындатты.