Ultcom KZ

Астанада нормативтік-құқықтық актілерге гендерлік сараптама бойынша тренинг өтті

ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен, «БҰҰ Әйелдер» құрылымының ұйымдастыруымен 30 қыркүйек - 1 қазан күндері Астанада гендерлік сараптама мен нормативтік-құқықтық актілерді талдау бойынша екі күндік тренинг өтті. Оған орталық мемлекеттік органдар мен институттардың заң қызметтерінің өкілдері қатысты.

Іс-шараның мақсаты – нормативтік-құқықтық құжаттармен жұмыс барысында гендерлік сараптама құралдарын қолдану дағдыларын қалыптастыру және дамыту болды.

«БҰҰ Әйелдер» құрылымының грант бағдарламасы әйелдердің құқықтарын қорғауға, гендерлік теңдікті нығайтуға және әйелдердің елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын кеңейтуге бағытталған. Аталған шара Гендерлік білім орталығының алғашқы бастамасы болды. Алдағы уақытта орталық серіктестердің әлеуетін жүйелі түрде арттырып, гендерлік саясат саласындағы реформаларды жүргізу үшін ғылыми негізделген база қалыптастырады.

Қатысушыларға құттықтау сөзін Ұлттық комиссияның Хатшысы, гендерлік және отбасылық саясат саласының сарапшысы Гаухар Нұрахметова арнады. Ол тренингтің маңыздылығын атап өтті:

«Ең алдымен біздің тұрақты серіктесіміз – Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының кеңсесіне алғыс білдіргім келеді. Биылғы жылы әлемдік қауымдастық БҰҰ-ның 80 жылдығын және Пекин декларациясы мен Іс-қимыл платформасының 30 жылдығын атап өтуде. Бұл – Қазақстанның мемлекеттік гендерлік саясаты сүйенетін негізгі құжаттар.

Гендерлік сараптама заңдар мен бағдарламалардың әйелдер мен ерлердің мүдделерін ескеруіне мүмкіндік береді. Бұл кемсітушіліктің алдын алуға, барлық азаматтарға тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге және неғұрлым әділетті мемлекеттік саясат қалыптастыруға ықпал етеді».

Семинар тренері ретінде Хельсинки университетінің құқық профессоры Марианна Муравьева гендерлік талдау әдістемесін ұсынып, заңнамадағы жасырын кедергілерді анықтау жолдарын көрсетті.

Тренинг бағдарламасы халықаралық гендерлік теңдік стандарттарын қолдануда заң қызметтерінің құзыреттілігін арттыруға, сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу мен сараптауда гендерлік көзқарасты енгізуге бағытталды.

Қатысушылар мұндай бастамалардың тек кәсіби қауымдастық үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де маңызды екенін атап өтті: заңдардың сапасы азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейіне тікелей әсер етеді.

Ұлттық комиссия «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен серіктестікте мемлекеттік органдар мен институттардың кәсіби әлеуетін арттыру арқылы гендерлік теңдікті ілгерілетуге маңызды үлес қосты.