Ultcom KZ

Елордада репродуктивті денсаулық мәселесі талқыланды

Астанада Репродуктивті денсаулық апталығы аясында дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жиынға дәрігерлер, сарапшылар, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері қатысты.

Іс-шара еліміздегі әйелдердің репродуктивті денсаулығына қатысты өзекті сын-қатерлер, үрдістерьмен шешімдер талқыланған сараптамалық диалог алаңына айналды. Жиынға қатысушылар қатердің алдын алу, ағарту және заманауи медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, репродуктивті денсаулықты қорғаудың заманауи тәсілдері, әлеуметтік факторлардың әсері, заманауи контрацепция әдістерінің қолжетімділігі мен ақпараттандырылуы мәселесі қамтылды. Сонымен қатар барлық жастағы әйелдер денсаулығыны бағытталған кешенді стратегияларды әзірлеу қажеттілігі айтылды.
Дөңгелек үстел отырысының модераторы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Назым Жанғазы апталық аясында өңірлерге ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Қоғаммен және жастармен кездесулер барысында әлеуметтік мәселелер ашық талқыланып, медициналық қызметтерге қолжетімділік, түрлі аурулардың алдын алу шаралары, сондай-ақ адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинацияның маңыздылығы сөз болды.
Ашық пікір алмасу барысында жасөспірімдердің жыныстық жетілуі, ерте жүктілік, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ), сондай-ақ ерлердің репродуктивті денсаулықты сақтау жолындағы рөлі мен жауапкершілігі туралы мәселелер қозғалды.
"Кей әйел өзін әлсіз етіп көрсетуден қорқады, сұрақ қоюға ұялады немесе кейде кейбір белгілердің маманға жүгінуге себеп екенін білмей, жылдар бойы шыдай береді. Kazakhstan Women’s Health сияқты әйелдер денсаулығына бағытталған жобалар сонысымен де аса маңызды. Олар қоғамда жаңа нормаларды қалыптастырады. Яғни ол дегеніміз – ашық сөйлесу, сұрақ қою, өз денсаулығына қамқор болу, - деді репродуктолог-дәрігер Алмаз Ибрагимов."
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар әйелдер денсаулығына қатысты бастамаларды жүйелі ілгерілету үшін мемлекеттік, қоғамдық және бизнес құрылымдардың күш-жігерін біріктіру қажет деген ортақ келісімге келді.