ЖАСТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА: ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНА САПАРЫ
2025 жылғы 18–19 тамыз күндері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды.
Өңірге Ұлттық комиссия мүшелері – ГаухарНұрахметова мен Елена Семидоцких келді.
Бұл сапар – бір реттік іс-шара емес, ел болашағы саналатын жастардың денсаулығына, репродуктивті мәдениетіне және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған нақты әрі жүйелі әрекет. Ұлттық комиссияның бұл жолғы басты мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында ерте жүктіліктің алдын алу, оларға сапалы медициналық және ақпараттық қолдау көрсету тетіктерін қарастыру, сондай-ақ өңірдегі ахуалды жан-жақты зерделеу болды.
Екі күндік іссапар барысында комиссия өкілдері Петропавл қаласындағы №1, №2 және №3 қалалық емханаларда, Тайынша аудандық көпбейінді ауруханасында және Жамбыл ауданындағы бірқатар әлеуметтік мекемелерде болып, нақты жағдаймен танысты. Әрбір нысанда жергілікті атқарушы органдардың, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдерімен кездесулер өткізіліп, медициналық, психологиялық және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі, ата-аналармен және педагогтармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстар, кадр мәселелері және ақпараттық жұмыстардың тиімділігі талқыланды.
Сапар шеңберіндегі ең маңызды іс-шара – 18 тамыз күні облыс орталығында өткен «Күш біріктіре отырып – жастардың репродуктивті денсаулығын сақтаймыз»атты облыстық семинар болды. Бұл алаң түрлі сала мамандарын, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды, үкіметтік емес ұйымдарды, медициналық және білім беру мекемелерінің өкілдерін, сондай-ақ өңірлік комиссия мүшелерін бір арнаға тоғыстырды.
Семинар барысында өңірде жүзеге асып жатқан жобалар, жетістіктер мен шешімін күткен мәселелер ашық талқыланды. Жастардың денсаулығы тек медициналық мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екені тағы бір мәрте атап өтілді.
Ұлттық комиссия бұл сапар арқылы жергілікті жерде жастарға бағытталған мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылу барысын бақылап қана қоймай, мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, жүйелі тәсілдер арқылы болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғау жолдарын пысықтауды көздеді.