Ultcom KZ

Астанада құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды

16 қыркүйекте Парламентаризм институтында «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері, Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер мен сарапшылар қатысты.

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленіп, қолданыстағы бес заңның ережелерін, соның ішінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР Заңын біріктіреді. Құжатта құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктері, профилактикалық ықпал ету нысандары мен тиісті субъектілердің өкілеттіктері айқындалған.

Дөңгелек үстелдің модераторы Парламентаризм институты директорының орынбасары Ләззат Сүлеймен болды, ол талқыланған тақырыптың өзектілігін атап өтті.Мәжіліс Парламентінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева өз сөзінде жаңа заң жобасының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы көзқарасын кеңейтетінін айтты. Оның пікірінше, 2009 жылғы заң негізінен құқық қорғау және алдын алу шараларына басымдық берген болса, 2025 жылғы жоба құқықтық тетіктермен қатар әлеуметтік, медициналық және тәрбиелік қолдауды қамтитын кешенді жүйені қалыптастырады.

Онлайн форматта пікірталасқа құқық қорғаушы, адвокат, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі және Ұлттық комиссияның төраға орынбасары Айман Омарова қосылды.

Сондай-ақ сөз сөйлегендер қатарында, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық комиссияның мүшесі, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхаиров, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төраға орынбасары Алексей Милюк, «Кризистік орталықтар одағы» ЗТБ басқарма төрайымы Зүлфия Байсақова, Парламентаризм институтының сарапшысы Алмагүл Хасенова, құқықтық мәселелер жөніндегі халықаралық сарапшы, MNU университетінің қауымдастырылған профессоры Муслим Хасенов (онлайн) пен Мәжіліс депутаты болды.

Қатысушылар заң жобасын талқылаудың маңыздылығын атап өтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне кешенді көзқарас қажет екенін және мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылының маңызды рөлін атап көрсетті.