Ultcom KZ

Ұлттық комиссия мүшесі Тоғжан Қожалы ЮНФПА-ның Қазақстандағы жаңа Елдік бағдарламасының таныстырылымына қатысты

2025 жылдың 21 мамырында Астана қаласында БҰҰ Халықтың қоныстануы қоры (ЮНФПА) 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламасының ресми таныстырылымы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Тоғжан Қожалы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Өз сөзінде Тоғжан Қожалы бұл бағдарлама жай ғана стратегиялық құжат емес, нақты әрекеттер арқылы миллиондаған әйелдер мен жастардың өмірін жақсартуға бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті. Бағдарлама әйелдер құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, гендерлік теңдікті нығайтуға, репродуктивті денсаулықты жақсартуға және демографиялық-экологиялық сын-қатерлер жағдайында әлеуметтік бірлікті арттыруға бағытталған.

Бағдарламада көрсетілгендей, Қазақстан халқының шамамен ширегі – 10–24 жас аралығындағы жастар. Жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші – 1000 қыз балаға шаққанда 18, ал ауылдық жерде – 23,2. Әйелдердің 10%-ының отбасын жоспарлау қажеттілігі қанағаттандырылмаған. Әйелдердің 17%-ы интимдік серіктесінің тарапынан зорлық-зомбылық көрген. Жасөспірімдердің тек 8%-ы АИТВ туралы толық ақпаратқа ие.

Осыған байланысты ЮНФПА-ның жаңа бағдарламасында 2030 жылға дейінгі негізгі мақсаттар белгіленген:

қазіргі контрацепция құралдарын пайдалану үлесін 73%-дан 85%-ға дейін арттыру;

отбасын жоспарлауда қажеттіліктері қанағаттандырылмаған әйелдер үлесін 10%-дан 6%-ға дейін төмендету;

жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткішін 18-ден 14-ке дейін қысқарту;

жыныстық тәрбие мен өмірлік дағдыларды мектеп бағдарламасына енгізу;

гендерлік зорлық-зомбылық пен төтенше жағдайларға ден қою жүйесіне СРД қызметтерін интеграциялау;

зорлық-зомбылықты қалыпты құбылыс деп санайтындардың үлесін әйелдер арасында 9%-дан 6%-ға, ерлер арасында 21%-дан 15%-ға дейін төмендету.

ЮНФПА сондай-ақ ведомствоаралық ынтымақтастықты кеңейтуді, мүгедектігі бар әйелдер мен жастардың қолжетімді қызметтерге қолын жеткізуін қамтамасыз етуді, цифрлық шешімдерді ілгерілетуді және демографиялық деректер жүйесін күшейтуді жалғастырады.

Сонымен қатар Тоғжан Қожалы Ұлттық комиссияның рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Комиссия – мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы маңызды диалог алаңы, гендерлік саясат пен отбасы институтын қолдайтын ұлттық деңгейдегі стратегиялық орган. Комиссияның басты міндеті – әр қыз бала мен әр ананың, қала мен ауылдағы әйелдердің өміріне оң өзгеріс әкелу үшін нақты тетіктерді іске асыру, сондай-ақ халықаралық әріптестікті нығайту арқылы ұлттық саясатты жүйелі жетілдіру.