Гендерлік теңдікті ілгерілету: Ұлттық комиссия мүшелері «AMANAT» Әйелдер қанатының форумына қатысты
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға қатысты. Халықаралық форум Қазақстанның барлық өңірінен 150-ден астам әйел көшбасшыларын және Әзірбайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия мен Өзбекстаннан келген қонақтарды гендерлік теңдікті ілгерілету, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелерін талқылау үшін біріктірді.
Ұлттық комиссия мүшесі, Әйелдер қанатының төрағасы, партияның Хатшысы Шолпан Каринова өз сөзінде әйелдердің мүддесін қорғау және отбасы құндылықтарын нығайту мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды атап өтті.
«Әйел аманаты» және «Томирис» әйелдер көшбасшылығын дамыту жобалары арқылы біз партиямыздың бастауыш ұйымдарында әйелдерді біріктіріп, олардың әлеуетін арттыруға, кәсіби дамуына және қоғамдық-саяси өмірге қатысуына қолдау көрсетеміз. Гендерлік теңдік стратегиясын белсенді жүзеге асыра отырып, әйелдердің еліміздің өміріне толыққанды қатысуы үшін жағдай жасаймыз. Мәселен, «Томирис» жобасы аясында 100-ден астам әйел көшбасшылықты дамыту оқыту курсынан өтті. Бұл маслихаттардағы әйел депутаттарының үлесін 30%-ға дейін арттыруға әсер етті», – деді спикер.
Сонымен қатар, Шолпан Каринова Әйелдер қанатының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде өткізілетін балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалінің маңыздылығына тоқталды. Фестиваль ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға интеграциялауға және олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұндай іс-шаралар мүгедектігі бар адамдарға толерантты көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.
Форум барысында әйелдердің құқықтарын қорғау, олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы нақты жетістіктер таныстырылды. Іс-шараға қатысушылар алдағы кезеңге арналған жаңа міндеттер мен басымдықтарды айқындады.