Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мәслихат депутаттарының форумы өтті
Бүгін Астанада «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен мәслихат депутаттарының форумы өтті. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат пен Мәжіліс Төрағалары, Премьер-Министр, Мемлекеттік кеңесші, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Үкімет мүшелері, Парламент пен мәслихат депутаттары қатысты. Форумға жалпы саны 2500-ге жуық адам жиналды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде әйелдердің рөлі, азаматтардың құқықтарын қорғау, демократияны дамыту және Қазақстандағы балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Әйелдердің саясаттағы рөлі
Президент өкілдік органдардағы әйелдердің санының артуын атап өтіп, олардың әйелдердің құқықтарын қорғаудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті:
«Өкілді билікте әйелдердің қатары көбейе түсті. Елімізде қыз-келіншектердің бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әйелдердің құқығын қорғауға баса назар аударылып жатыр. Осының бәрі реформаның нақты нәтижесі екені сөзсіз.» – деп атап өтті Президент.
Ел болашағы – жастардың қолында
Президент өскелең ұрпақтың мүддесі үшін жұмыс істеудің және олардың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасаудың маңыздылығын ерекше атап өтті:
«Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Жерімізге егілген әр талдың игілігін көретін де – жас ұрпақ. Бір сөзбен, не істесек те, бәрін еліміздің ертеңі үшін істейміз. Сондықтан біз балалардың денсаулығына, олардың білімі мен тәрбиесіне бүкіл ел болып ерекше көңіл бөлуіміз керек. Мемлекет осы бағытта нақты шаралар қабылдады, яғни қаражат бөліп, қажетті инфрақұрылым салуда. Жалпы, бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр деуге болады, бірақ, алдымызда тұрған міндеттер ауқымды, әлі де атқаратын шаруа көп» – деді Президент.
Балалардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың түбегейлі басымдығы
Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтарын қорғау және олардың үйлесімді дамуы үшін жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударды:
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы. Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн. » – деп айтты Мемлекет басшысы.
Президент, сондай-ақ, балалар арасындағы цифрлық тәуелділік мәселелерін атап өтіп, ата-аналарды балалардың тәрбиесіне және олардың өміріне белсенді қатысуға шақырды:
«Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын.»– деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы ата-аналарды балалардың тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға және олардың цифрлық кеңістіктегі әрекеттерін қадағалауға шақырды.