Ultcom KZ

Алматы қаласында Отбасыны қолдау орталықтары мен Жастар денсаулық орталықтарының жұмысы таныстырылды

Алматы қаласына жұмыс сапарымен ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның делегациясы келді. Делегация құрамында – Қанай Гүлмира Әмірханқызы, Омарова Айман Мұратқызы, Гурина Марианна Юрьевна, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың өкілдері бар.

Инспекция 8 тамыз – 8 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірін қамтитын республикалық мониторинг аясында өтуде. Оның мақсаты – Отбасыны қолдау орталықтары мен Жастар денсаулық орталықтарының жұмыс тиімділігін бағалау, озық тәжірибелерді анықтау және желіні одан әрі дамытуға бағытталған шараларды айқындау.

Алматы қаласында 1 қалалық Отбасыны қолдау орталығы және 8 аудандық «Бақытты отбасы» орталығы жұмыс істейді. Мұнда тұрғындарға психолог, заңгер және әлеуметтік қызметкер тегін кеңес береді, бала тәрбиесі, отбасылық қарым-қатынас, жұмысқа орналасу және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша көмек көрсетеді.

Сонымен қатар қалалық емханалар жанынан 14 Жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Олар аурулардың алдын алу, репродуктивті денсаулықты қорғау мәселелері бойынша кеңес береді, салауатты өмір салтын насихаттайды және жасөспірімдер мен жастарға анонимді психологиялық көмек көрсетеді.